Өрт сөндіру-құтқару спорты турнирінің соңғы күні қатысушылар «Жауынгерлік қанат жаю» кезеңі бойынша сынға түсті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, команда қатысушылары старт берілгеннен кейін мотопомпа мен өрт-техникалық жарақ орналасқан қалқан-алаңына жүгіріп келеді. Өзара бірлесіп магистральды желіні мотопомпамен, тармақпен біріктіріп, әрбірінде бір түтікқұбыры бар екі жұмыс желісін жаяды. Оқпаншылар позицияға тұрады, осы мезетте сорғыш түтікқұбыр су алу торы мен мотопомпаға қосылады. Одан әрі жабдық іске қосылып, резервуардан су алынады. Түтікқұбыр бойымен берілген су екі нысананы көздейді. Екі нысанада да жарықшамдар жанғанда ғана жаттығу орындалған болып есептеледі.
Ерлер командасы арасында қола жүлдені Батыс Қазақстан облысының командасы иеленді. 2-орынды Нұр-Сұлтан қаласының командасы алды. Ал 1-орынды Қызылорда облысының командасы иеленді.
Әйелдер командасы арасында 3-орын Алматы қаласының командасына бұйырды. 2-орынды Батыс Қазақстан облысының командасы қанжығасына байлады, 1-орын Нұр-Сұлтан қаласынан келген командаға берілді.
Сонымен қатар ерлер мен әйелдер арасындағы үш күндік Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша кубок турнирі аяқталды.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ҚР-ның кубогіне арналған турнирде ерлер арасындағы жалпыкомандалық есепте Қызылорда облысының командасы қола жүлдегер атанды, күміс жүлде Шығыс Қазақстан облысының командасына бұйырды, алтын медаль Нұр-Сұлтан қаласының спортшылары алды.
Әйелдер арасындағы жалпыкомандалық есепте жүлделі 3-орынды Алматы қаласының командасы иеленді. 2-орынға Түркістан облысының командасы орналасса, Нұр-Сұлтан қаласының командасы 1-орынға ие болды.