Маңғыстау облыстық ауруханасында жүрек тамырынан бифуркационды 99 пайыз стеноз анықталған науқасқа операция жасалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облыстық ауруханасы баспасөз қызметінің айтуынша, 1952 жылғы науқас облыстық ауруханаға жоспарлы түрде түскен. Ота сәтті өтіп, стенттеуден кейін науқас бірден палатаға жатқызылған.
- Дәрігерлер жоспарлы түрде коронарография жүргізді. Нәтижесінде жүректің үлкен тамыры басталатын аузынан 99% стеноз анықталды. Мұндай диагноз өмірге қауіпті. Яғни, науқастың инфаркт алу қаупі жоғары болды, - деді аритмолог-дәрігер Құрбанәлі Сабдинов.
Дәрігерлер науқасқа коронарлық артерияларды стенттеуді республикалық деңгейде Нұр-Сұлтан немесе Алматыға баруды ұсынған. Бірақ науқас аталған ұсыныстан бас тартты.
Сондықтан Нұр-сұлтан қаласынан дәрігерді арнайы шақыртып, облыстық аурухана қабарғасында 1 санатты, ангиохирургия, интервенциялық кардиолог және интервенциялық аритмолог, аға интервент Құрбанәлі Сабдиновтың қатысуымен операция сәтті жасалды. Қазір пациент үйге шығарылды.