«109» бірыңғай байланыс орталығы – мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындардың байланыс орталықтарын біріктіретін және 24/7 режимінде жұмыс жасайтын жалғыз орталық, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындар «109» мына мәселелер бойынша хабарласа алады: жылу, энергия, су, кәріз жүйелері, қатты тұрмыстық қалдықтар, лифт, ПИК/МИБ жұмысы, көше жарығы, қалалық жол инфрақұрылымдары, қаланы, аула аумағын абаттандыру, ашық қалған шұңқырлар және көгалдандыру жұмыстары.
Орталыққа түскен өтініштер өңделіп, одан әрі шешілу үшін мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындарға жолданады.
- «109» бірыңғай байланыс орталығы 2021 жылдың 27 шілдесінде ашылды. Тұрғындарын көбінесе коммуналдық мәселелер мазалайды. Алайда, қай мекемеге жүгінерін білмейді. Білген күннің өзінде дер кезінде жауап ала алмайды. Қалада бірнеше мемлекеттік органдар, коммуналдық қызметтер бар, олардың телефондары - алты таңбалы қалалық нөмірлер және олар әрдайым қолжетімді бола бермейді. Сонымен қатар, оларға ұялы телефоннан қоңырау шалу да ыңғайсыз. Осыған орай «109» бірыңғай байланыс орталығы құрылды, - дейді аталған орталықтың жетекшісі Нұргүл Жеткізгенова.
109 байланыс орталығына хабарласудың бірнеше жолы бар: Facebook (https://www.facebook.com/aktau109.kz/) және Instagram (https://instagram.com/aktau109.kz?igshid=YmMyMTA2M2Y=) әлеуметтік желілері арқылы, телеграм бот (https://t.me/Aktau109kz), орталық сайт (http://aktau109.kz), «109» нөмірі арқылы, сондай-ақ 8 701 01 29 109 WhatsApp нөміріне хабарлама жіберуге болады.
Орталыққа түскен әрбір өтініш жүйеге тіркеледі және тіркелген өтініштерді жүйеден жою мүмкін емес. Тұрғынның өзінің мәселесі шешілгеннен кейін ғана жабуға болады.
Сондай-ақ, тұрғындарға ыңғайлы болу мақсатында Telegram қосымшасында (https://t.me/mangystauakimat) «Маңғыстау облысының әкімдігі» чат арнасы жұмыс істейді. Ол арқылы да дер кезінде сұрақтарыңызға жауап ала аласыз. Бүгінгі таңда онда 9500-ден астам адам бар.