Жаңа орталық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Жаңаөзен қалалық филиалының жанынан ашылған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ҚКО сілтеме жасап.
Орталықта кәсіпкерлерге 3 түрлі қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, заң қызметі, менеджер-маркетолог, несие бойынша құжаттарды сүйемелдеу қызметтері. Енді кәсіп бастағысы келетін тұрғын бизнес-жоспарынан бастап мемлекеттік несиені алуға дейінгі құжаттамаларды осы орталық арқылы рәсімдейді. Орталықтың тиімділігі – бұған дейін ақылы болған қызметтер енді тегін болады.
- Аз ғана уақыттың ішінде 30-ға жуық тұрғын орталық көмегіне жүгініп үлгерді. Басым көпшілігі - кәсібін дамыту мақсатында агронесиелер алуға ниетті азаматтар. Өңірімізде мал шаруашылығын, оның ішінде жылқы, түйе шаруашылығын дамытамын деушілерге орталықтағы мамандар өз қолғабысын тигізіп, өзара байланыста жұмыс істеуде, - деді Жаңаөзен қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ақиқат Шарапатдинов.