© фото sputnik.kz алынды
Қазақстан жастары «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің 27 мемлекетінде білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыра алады. Биыл аталған бағдарлама бойынша білім беру географиясы 4 жаңа елмен кеңейді. Олар - Австрия, Чехия, Ирландия және Оңтүстік Африка. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің Халықаралық кеңсе басшысы Лаула Жұмабаева мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде 500 қазақстандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндігін алды.
- Басым мамандықтар - денсаулық сақтау саласы, педагогика, мемлекеттік қызмет көрсету, инженерлік-техникалық және мәдениет саласы. Қойылатын талаптардың ішінде тағылымдамаға қабылдайтын шетелдік ұйымның шартсыз шақыруының болуы, жалпы жұмыс өтілі кемінде 3 жыл, оның ішінде таңдаған мамандану саласында соңғы 12 ай болуы да айтылған, -деді Лаула Жұмабаева.
«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін қажетті құжаттарды онлайн режимде портал арқылы қабылдау мүмкіндігі жасалған. Үміткердің өтінімі мен құжаттары қабылданған жағдайда жеке кабинетке стипендия тағайындау конкурсына қатысуға рұқсат берілгені туралы хабарлама келіп түседі. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша елде 11 мыңнан астам түлек оқып бітірген.
Лаула Жұмабаева конкурстық іріктеу кезеңінде үміткерлер қандай сынақтардан өтетініні туралы ақпаратпен де бөлісті.
- Мысалы, 2020 жылдың өзінде «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін конкурстық іріктеу онлайн режимде өткізілді. Яғни, онлайн платформада жеке кабинет құрылып, онда сіз бағдарлама мен іріктеу рәсімі туралы барлық хабарламаларды бақылай аласыз. Сонымен қатар жоспарланған іріктеу турларынан өтіп, нәтижелеріңізді біле аласыз. Ал конкурстық іріктеудің I туры — кешенді тестілеу, яғни:
– қысқа мерзімде жаңа ақпаратты талдау қабілетінің деңгейін анықтауға бағытталған вербалдық және сандық ақпаратты талдауға арналған тестілер;
– үміткердің жеке-іскерлік қасиеттері және үміткердің шетелде оқуға психологиялық дайындығы туралы ақпаратты құрылымдық түрде жинауға мүмкіндік беретін жеке сауалнама, - деді Лаула Жұмабаева.
«Болашақ» бағдарламасының мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау. Бағдарлама академиялық оқуды(магистратура, докторантура) және әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды.