Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықты шығару үшін 12 300 контейнер және 17 көлік құралын сатып алу жоспарланған. Бұл туралы Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚКО-ға сілтеме жасап.
Спикердің сөзінше, қазір облыста 13 083 контейнер бар, тағы 14 000 контейнер қажет (48%). Оларды алдағы 5 жыл ішінде кезең-кезеңмен сатып алу жоспарда тұр.
- Былтыр 3050-ін сатып алдық. Биыл 2340 контейнер алу керек. Сондай-ақ, облыста бар болғаны 46 қоқыс тасымалдайтын көлік бар және қалдық шығаратын 21 мекеме бар. Бейнеу мен Маңғыстауда самосвал, погрузчик(тиегіш), камаз, газель сияқты арнайы емес көліктермен қоқыс шығарады. Техникалары ескіргесін Жаңаөзен қаласының әкімдігі 2020 жылы 2 техника, 2021 жылы 3 техника сатып алды. 2022 жылы 2 техника сатып алуды жоспарлап отыр. Мұның барлығы жалға алу келісімшартымен ТҚҚ тасымалдаушы мекемеге беріледі, - деді Дүйсен Құсбеков.
2022 жылы "Маңғыстау Эко ПЭТ" ЖШС Баянды ауылындағы ҚТҚ полигонының қасынан қуаттылығы айына 150 м2 болатын қалдық өңдеу цехын іске қосайын деп отыр. Цехта монтаждау, құжаттар мен несиелерді рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Цех ашудағы мақсат - полиэтилен құбырларын дайындау және медициналық қалдықтарды кәдеге жарату. Өндіріс іске қосылған жағдайда қоқысты үздіксіз қабылдау қажет. Өндіріс басшылығы облыстағы дайын шикізатты қабылдауға, Мұнайлы ауданы мен Жаңаөзендегі ҚТҚ полигондарын игеруге ниетті.
Құрық, Жетібай ауылдарындағы ҚТҚ полигондары тоқтап тұр, қалдықтар Мұнайлы ауданындағы полигонға жеткізіледі.
Алдағы уақытта Ақжігіт, Жыңғылды, Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарына ҚТҚ көму полигондарын салу жоспарлануда. Жыңғылдыға ҚТҚ полигонын салу үшін Маңғыстау ауданының әкімдігі жобалау жұмыстарын (ЖІЖ) әзірледі, жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға 14,581 млн теңге бөлінді.