Биыл Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Түпқараған ауданында 2449 жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 2000 тұрақты, 449 уақытша жұмыс, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаңтар-наурыз айында жоспардың 18,7% орындалды. Яғни 457 жұмыс орны құрылды. Құрылған жұмыс орнының ішінде 387 тұрақты жұмыс болса, бұл жоспарланған тұрақты 2000 орынның 19,3% құрап отыр. Уақытша жұмыс орны - 70.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің айтуынша, уақытша жұмыстың 48-і қоғамдық жұмыс, 11 әлеуметтік жұмыс орындарында болса, қалған 11 жастар практикасы бойынша құрылған. Аталған жұмыс орындарына аудандық халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 78 адам жұмысқа орналастырылды.
- Жұмыспен қамту орталығында 501 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Оның ішінде, уақытша жұмыста 111 адам бар, 2 адам грантқа тіркелген, 55 адам төлем орталығынан жұмыстан босатылғаны үшін жәрдемақы алып отыр. Ал 333 адам тұрақты жалақысы жоғары жұмыс іздеушілер, - деді Түпқараған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Дариға Шалабаева.