Бүгін «Amanat» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы Боранқұл ауылында болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қабылдауға 20-ға жуық азамат келді. Олар ауылішілік жол мәселесі, жаяу жүргіншілер жолын салу, көшелерді жарықтандыру, темір жол өткелін салу, жұмыссыздыққа тіркелу мәселесі, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында несиелендіру, оның ішінде қайтарымсыз гранттар мен өзге де мәселелер жөнінде айтты. Өз кезегінде депутаттар кейбір сұрақтарға заң аясында түсінік беріп, шешу жолдарын айтты. Кейбір сұрақтарды шешу үшін тиісті мекемелерге хат жолданып, орындалысы бақылауда болатынын жеткізді.
Ауыл тұрғыны Ербол Темірбеков көшенің электр қуаты төмен екенін, жарық орнатылуын айтты.
«Былтыр Боранқұл ауылына жаңа трансформаторлар орнатылды. Бұл жұмыстар осы партияның сайлауалды бағдарламасының жол картасы негізінде жасалды. Сонымен қатар ауылды жарықтандыру бойынша облысқа жолданып, қолдау тапты. Енді республикалық бюджетке «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша жолданды. Қолдау тапқан жағдайда жұмыстар жасалады», - деді аудандық тұрғын үй коммуналдық шараушылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Сейсенбек Қалдығараев.
Айта кетейік, «Amanat» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Звира Есбергенова, облыстық филиалдың қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мұханбет Жайлыбаев, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бөлім басшысы Бағдат Қуандық, аудандық мәслихат хатшысы Қуан Мансуров, «Amanat» партиясы Бейнеу аудандық филиалының атқарушы хатшысы Тұралы Жолышов, аудандық мәслихат депутаттары Ұлмекен Бисенғалиева, Құралай Ізтілеуова, Саламат Ғайыпбаев және жергілікті мемлекеттік орган басшылары қатысты.