Енді қаңғыбас үй жануарларына залал келтірмей(өлтірмей, мертіктірмей), аулап, ұстап, арнайы панажайларға тапсыру керек. Бұл туралы ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң күшіне енді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Марқабаевтың айтуынша, биыл 2-наурыздан бастап күшіне енген заңға сәйкес Маңғыстау облысында ит-мысықтарды аулау және жою жұмыстары тоқтатылды.
Десек те қазір облыста қаңғыбас үй жануарларын ұстайтын панажай жоқ. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров жақында аудан, қала әкімдеріне өз аумақтарынан шұғыл түрде панажайлар құруға тапсырмалар берген.
- ҚР «Ветеринария туралы» заңының 11-бабы 4-тармағына сәйкес, ветеринариялық стансалар қаңғыбас ит-мысықтарды бірден аулау-жоюға маманданған, ал тірілей аулау - өте қиын шаруа, оған арнайы мамандар, құрал-жабдықтар және арнайы автокөлік қажет. Сондай-ақ, мамандарға оқу-үйренуге тура келеді. Бұған сәйкесінше уақыт және қаржы-ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу қажет, - деді Бердібек Марқабаев.
Оның айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабына сәйкес, егер мамандар жануарды мертіктірсе, 120 АЕК айыппұл немесе 120 сағат қоғамдық жұмыс немесе 30 күн қамауға алынады. Ал жануарды өлтірсе, 200 АЕК айыппұл немесе 200 сағат қоғамдық жұмыс немесе 50 күн қамауға алынады.
Сондай-ақ, ҚР ӘҚБт Кодексінің 407-2-бабына сәйкес, жануарларға қатігездікпен қараған жеке және заңды тұлғаларға 10-40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Қайталанған осындай іс-әрекеттер үшін 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.