Жаңаөзен қаласында 86 дәрігер маманы жетіспейді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
2022 жылдың есебі бойынша Жаңаөзенде 159 мың адам тіркелген. Оның 77 мыңы Теңге, Қызылсай, Рахат, Кендірлі ауылдарында тұрады. Денсаулық сақтау саласында 10 медициналық ұйым жұмыс істейді, оның ішінде: 3 емхана, 1 көпбейінді аурухана, 2 дәрігерлік амбулатория, жедел және шұғыл жәрдем станциясы бөлімшесі және 3 жеке меншік ұйым.
Дәрігер жетіспеушілігін шешу үшін республика көлеміндегі медициналық жоғарғы оқу орындарымен келіссөз жүргізіліп, түлектер жәрмеңкелеріне қатысып, мектеп бітірушілердің арасында білікті, тәжірибелі дәрігерлермен профориентациялық жұмыстар ұйымдастырылып жатыр.
Жаңаөзен қаласына ауыз су тәулігіне орташа 30 мың текше метр көлемінде берілуде. Жаз айларында ауыз су қажеттілігі 42 - 45 мың текше метрге дейін жетеді. Демек, ауыз су тапшылығы орташа тәулігіне 10 - 12 мың текше метрді құрайды. Осы ауыз су тапшылығын шешу мақсатында:
- Кешенді жоспар аясында, «Кендірлі демалыс аймағының ауданында магистралдық құбыры бар, қуаты тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұшыту зауытын салу» жобасы іске асырылуда.
Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде «Теңге және Рахат ауылдарындағы аяқталмаған жер учаскелерінің инженерлік желілерінің (9,5 шақырым газ құбыры, 9,3 шақырым су құбыры, 9 шақырым электр желісі) құрылысын салу» жобалары іске асырылуда.