Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласына барған жұмыс сапарының үшінші күні қала тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Есеп беру кездесуінде Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров 2021 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, 2022 жылға арналған жоспарлар туралы айтып берді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз кезегінде жиналғандарды өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етіп, олардың сұрақтарына жауап берді, ұсыныстарын тыңдады.
Кездесуде қала тұрғындары жұмыспен қамту, ауыз су тапшылығы, медицина саласындағы кадр тапшылығы, ескі көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу, кәсіпкерлікті дамыту және қоғамдық көліктердің санын арттыру бойынша мәселелерді көтерді.
Нұрлан Ноғаев өңірде азаматтарды түрлі салаларда жұмысқа орналастыруға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарлама бар екенін атап өтті. Алайда көпшілік мұнай-газ саласына ғана жұмысқа орналастыруды сұрады.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында мемлекеттік органдар жұмысының басты қағидаты әділеттілік пен ашықтық екенін атап өтті. Халықтың туындаған барлық мәселелесін біз құқықтық салада, қолданыстағы заңнама аясында шешетін боламыз. Бұл еңбек дауларына да, жұмысқа орналасу мәселелеріне де қатысты. Менің жеке қабылдауыма келген тұрғындар өздерін немесе отбасы мүшелерін мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру бойынша өтініш білдіреді. Мен қолданыстағы алгоритмді аттап өтіп, кезектен тыс жұмысқа тұрғыза алмаймын, жұмыспен қамту орталығын айналып өте алмаймын. Себебі, бұл жұмысқа орналасу кезегінде тұрған азаматтарға әділетсіз болады. Біздің басты міндетіміз - өзекті мәселелердің жүйелі шешімін табу. Барлық облыс тұрғынын мұнай - газ саласына жұмысқа орналастыру мүмкін емес екендігін түсіну маңызды. Сондықтан біз түрлі бейіндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыс орындарын құру бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Біз бірлесіп қана жаңа Қазақстанды құра алатынымызды атап өткім келеді, - деді Нұрлан Ноғаев.
Есептік кездесу аяқталғаннан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады.