Ақтауда "Кіші Оймаша" көлінің маңына сенбілік жүргізілді. Оған 8 дана жүк тиегіш, 2 дана тиегіш техникалары жұмылдырылып, 100 тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық шығарылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты МО Экология департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тазалық жұмыстарына 150 адам қатысты. Жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар Баянды ауылы маңындағы полигонға жіберілді. Айта кетейік, тазалық акциясына Ақтау қаласы, Қарақия, Бейнеу, Түпқараған, Мұнайлы және Маңғыстау аудандары да қатысты.
"Экологиялық акцияның негізгі мақсаты - қоршаған ортаның тазалығына бірауыздан атсалысу, сол арқылы жас жеткіншектерге үлгі көрсету. Мемлекеттік қызметшілердің белсенділік танытқанын байқадық", - дейді Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.
Сонымен қатар тазалық сақшылары көрнекі орындар мен табиғи аумақтар қоқыстан тазартты.
"Біз әріптестерімізбен бірге бірнеше аумақты бөліп, тазалық жұмыстарына бір кісідей атсалыстық. Осылайша табиғат жанашырлары өздері тұрып жатқан өлкені көркейтуге өзіндік үлестерін қосты. Аймақ тұрғындарын осындай тазалық акциясын қолдап ғана қоймай, айналаны ұдайы таза ұстауға және қалдықтарды тастамауға шақырамын", - деді Маңғыстау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.