Маңғыстау әкімдігінде бос орындар саны азайған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Соңғы төрт жылда жеке сектордан мемлекеттік қызметке үміткерлер саны 4 есеге артқан. Яғни 2017 жылы бұл көрсеткіш 10 бірлікті құраса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 39 бірлікті құрады.
«Жергілікті атқарушы органдардағы бос орындар саны 2017 жылы 159 бірлікті көрсетсе, 2021 жылдың нәтижесімен бұл көрсеткіш 53 бірлікке дейін азайған. Маңғыстау өңіріндегі мемлекеттік қызмет саласындағы оң тенденциялар ретінде қызметтен кеткендер санының соңғы төрт жылда 7,5%-дан 5,7%-ға дейін азайғанын және ауыл әкімдіктеріндегі кадр тапшылығының жойылғандығын атап өтуге болады», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.
Сондай-ақ департамент басшысы соңғы жылдары өңірде тұрғындардың мемлекеттік қызметке деген жалпы қызығушылығы артып, мемлекеттік органдарда біліктілігі жоғары мамандар қатары көбейгенін айтып отыр. Яғни, 2017 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітіргендер 2 адам болса, 2021 жылы 12 адамға өсті (6 есеге).