Шебір ауылының тұрғындары құзырлы органнан «Маңғыстау Жарық» мекемесін тексеруді талап етіп жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шебір тұрғындарының айтуынша, «Маңғыстау жарық» мекемесі былтырдан бері электр энергиясын тұтынғаны үшін 250 мың, 300 мың теңге көлемінде түбіртектер жіберіп, шебірліктерді шошытқан. Ал халық дәл мұндай теңгеге электр энергиясын тұтынбағанын айтады.
Тіпті, былтыр қарашада аталған мекеме атына арыз жазып, түбіртектегі теңгенің қайдан шыққанын білгісі келген. Бірақ, жауап болмаған. Жазылған хат, айтылған халық арызына бес ай өтсе де, «Маңғыстау жарық» төбе көрсетіп, тұрғындармен тілдеспеген. Есесіне, кей тұрғынның электр желісін қиып тастаған.
Енді Шебірдің бір топ тұрғындары әлеуметтік желі арқылы «Маңғыстау Жарық» мекемесінің қаржылық және халыққа қызмет көрсету қызметтеріне құзырлы органдар тарапынан тексеру жүргізілгенін, есеп айырысу түбіртектерінің заңдылығын түсіндіріп, дәлелдеп беруін сұрап отыр.
Осы ретте, біз, «Маңғыстау Жарық» мекемесіне хабарласып, мән-жайды сұрап білдік.
«Бөлшек сауда нарығы ережесінің 6-тармағына сәйкес, тұтынушылар мен заңды тұлғалардың тұрмыстық тұтынуы туралы барлық мәліметті бізге осы салада қызмет ететін энергия тасымалдаушы ұйымы, атап айтқанда Маңғыстау ауданы ұсынады. Біз монополияға қарсы орган бекіткен тариф бойынша төлем жасаймыз», - деді «Маңғыстау Жарық» ЖШС.
Сондай-ақ, жауапты мекеме Шебір ауылы тұрғындарының ұжымдық үндеуіне байланысты энергиямен қамтамасыз ету ұйымымен бірге комиссия құрып, әрбір өтініш бойынша шығып, үйге қоңырау шалып, есепке алу аспаптарын тексеретінін жеткізді.
«Осы тексеріс пен сараптама нәтижесінде артық есептелген қаражат анықталса, оның күші жойылады. Ал егер қарыз расталса, «Маңғыстау Жарық» ЖШС бар қарызды өтеу бойынша бөліп төлеу жоспарын ұсынуға дайын», - деді «Маңғыстау Жарық» ЖШС.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА