Бүгін Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасы жанындағы консультативтік-диагностикалық емханада «Қант диабеті мектебі» өз жұмысын бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған мектеп науқастардың ауруды түсінуіне, өз жағдайын бағалап, қажет болған жағдайда өзіне көмектесе алуына мүмкіндік береді.
«Қант диабеті мектебінің» негізгі міндеті - пациенттің қандағы қантты бақылауға және нәтижені дұрыс бағалауға жеткілікті мотивациясын қалыптастыру.
«Облыста қант диабетімен ауыратын 9 500-ден аса адам дәрігердің есебінде тұр. Ал бұл дертке шалдыққандар саны жыл сайын артып келеді», - дейді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эндокринологы, Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының №1 терапия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты эндокринолог-дәрігер маржан Нұрланова.
«Әрине, егер қант диабеті аурумен ауыратынын білмейтін адамдарды ескерсек, бұл көрсеткіш біздің есепке сәйкес келмейді. Қазір көп науқас тіркеуге тұрмайды, жеке емханаларға барады, өзін-өзі емдейді. Қант диабетінің дамуы әрқашан белгілермен жүрмейді. Кейбір жағдайларда ауру жасырын түрде өтеді. Бұл патология қант диабетінің жасырын түрі деп аталады. Бұл кезең – дене үшін ең қауіпті, өйткені онда басталған деструктивті процестер пациентке ұзақ уақыт бойы көрінбейді. Зертханалық тексеру жүргізгенде ғана ауруды ерте кезеңде анықтауға болады», - дейді Маржан Нұрланова.
Оның айтуынша, көбінесе емхана дәрігерлері аурудың барлық нюансын түсіндіруге уақыт таппайды, ал науқас өзінің қорқыныштары мен уайымдарымен жалғыз қалады. Адамды қант диабетімен өмір сүруге үйрету, алаңдатарлық белгілерді дер кезінде білу және асқынулардың алдын алу мақсатында медициналық мекеме базасында қант диабеті мектебінің кабинеті құрылды.
«Диабет мектебі» – бүгінгі таңда қант диабетімен ауыратын адамдардың қажетті ақпарат алатын орны. Ал қант диабетінің бірінші және екінші түрімен ауыратын науқастарды оқыту – емдеудің ажырамас бөлігі. Аптасына бес күн 40-45 минуттан сабақ өткіземіз. Топтар 7 - 8 адамнан аспайды, бұл әр пациентке жеке уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Науқастың нан бірлігін қатесіз есептей алуы өте маңызды. Сонымен қатар, пайдаланылатын өнімдердің тағамдық құндылығын (калориясын) дұрыс есептеу талап етіледі. Нан бірліктерінің жүйесін білетін науқастар жегісі келетін тағамдағы көмірсулардың мөлшерін оңай есептей алады. Сондықтан, алынған сандар негізінде аз уақытқа инсулиннің қандай дозасын енгізу керектігін оңайырақ және дәлірек есептеуге болады, - дейді Маржан Нұрланова.
Сондай-ақ, дәрігер қант диабеті ауруы ұйқы безі инсулинді жеткіліксіз өндірген кезде пайда болатынын түсіндірді. Мұндай жағдайда ағза өзі өндіретін инсулинді тиімді пайдалана алмайды, бұл қандағы глюкозаның жоғарылауына әкеледі.
«Ауруды анықтау үшін скринингтік тексеру жеткілікті, бұл әсіресе 2 типті қант диабеті үшін маңызды. 1 типті қант диабетінде пациенттерге тек инсулин терапиясы тағайындалады, ал 2 типті қант диабеті науқастарына – гипогликемиялық таблеткалар. Ал қажет болған жағдайда, дәрігер инсулинді тағайындай алады. Қант диабетін дәрі-дәрмекпен емдеуден басқа, өмір салтын жақсы жаққа өзгерту маңызды. Есіңізде болсын, өзін-өзі бақылау – табысты емдеудің, қант диабетінің декомпенсациясының және асқынуларының алдын алудың негізі», - дейді Маржан Нұрланова.
Айта кетейік, қант диабетіне шалдыққан облыс тұрғындары аталған мектепке жалпы тәжірибелік дәрігердің жолдамасы арқылы келе алады. «Қант диабеті мектебі» Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасы Кеңес беру-диагностикалық емханасының №25 кабинетінде тегін жүргізіледі.