Отырыста өңірдегі еңбек қатынастарын реттеу, әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу, облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында жалақыны арттыру мәселелері талқыланды. Шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, федерацияның басқа да өкілдері, Маңғыстау облысының кәсіподақ басшылары, мемлекеттік орган басшылығы мен жұмыс берушілер қатысты.
Облыстағы еңбек дауларының жағдайы мен әлеуметтік әріптестік бойынша атқарылған жұмыстар туралы Маңғыстау облысы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әлігер Іңкәров баяндап берді.
Нұрлан Ноғаев Маңғыстаудағы әлеуметтік-еңбек саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
- Алдымызда әлеуметтік шиеленістің көріністеріне жол бермей, оның алдын алу мақсатында жедел әрекет ету міндеті тұр. Жалпы жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы мәселелер өзара шешілуі тиіс. Бұл үшін уәкілетті мемлекеттік органдары, кәсіпорын басшылары және кәсіподақ көшбасшылары бірлесіп, кәсіпорындардың еңбек ұжымдары арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру аса маңызды. Сондай-ақ, орта кәсіпорындарындағы әлеуметтік-саяси ахуал тұрақты бақылауда болуы тиіс, - деді Нұрлан Ноғаев.
Өз кезегінде Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың жұмыс берушілермен бірлесіп өткізетін еңбек консультациялары бір еңбек ұжымы шеңберіндегі әлеуметтік әріптестікті тиімді дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
- Жұмыс берушілер кәсіподақтарды әлеуметтік серіктес ретінде қабылдауы керек. Сындарлы келіссөздер арқылы барлық даулы мәселені әлеуметтік шиеленіске дейін жеткізбей шешуге болады. Нәтижесінде әлеуметтік серіктестіктің барлық тарабы мен кәсіпорынның мүдделері сақталады, - деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сондай-ақ, С. Дәулеталин ҚР Кәсіподақтар федерациясы жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін еңбек заңнамасы аясында келіссөздер процесін ұйымдастыру және жүргізу бойынша оқыту семинарларын ұйымдастыруға көмектесуге дайын екенін атап өтті.