Ақтау қалалық сотында қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Естеріңізге сала кетейік, жаяу жүргінші жолында келе жатып соққыға ұшыраған журналист әрі волонтер Катерина Панасян еді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өткен жылдың 2 желтоқсанында шамамен сағат 21.50-де Ақтау қаласында Е. автокөлікті басқарып, жол қозғалысы ережелерінің 9.9 тармағын және 10.1 тармағын өрескел бұзып, жаяу жүргіншіні қағып кетті. Алған жарақаттарының салдарынан қыз Маңғыстау облыстық ауруханасында есін жимастан қайтыс болды.
Сотта прокурор Е-ні осы бап бойынша кінәлі деп тануды және көлік құралын жүргізу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. 07.12.2021 жылғы "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы " Заңға сәйкес, негізгі жазадан босатылуын сұрады.
Сотта жәбірленушінің туыстары соттың рақымшылық жасау туралы Заңды қолдануына қарсылық білдірмеді.
“Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды ескерді: кінәні мойындау, өкіну, бұрын сотталмаған.
Прокурор қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. Сот Е-ні кінәлі деп танып, оған көлік құралын басқару құқығын 5 жыл мерзімге айырып, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңға сәйкес Е жазаның негізгі түрінен босатылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.