Маңғыстау облысының экология департаменті «Aktau tourism city ltd» жеке серіктестігінің филиалында Каспий теңізі мен Қаракөл көліне сарқынды сулардың ағу фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Экология министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудит сарқынды суларды ағызу фактісін растады, Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 222-бабының 8-тармағының талаптары бұзылған.
Бүгінгі таңда кәсіпорын дихлорланған бассейн суын теңізге ағызылатын құбырды бөлшектеп, екінші құбырды демонтаждау жұмыстарын жүргізуде. Экология департаменті берген нұсқаулыққа сәйкес жұмыстар жүргізілуде.
Айта кету керек, кәсіпорын бассейн суын және теңіз суын тұщыту қондырғысында тазартқаннан кейін ағызды. Алайда, су сынамаларын талдау нәтижелері бойынша қалқымалы заттар, нитраттар және хлоридтердің нормадан асып кеткені анықталды. Бұл факт Экокодтың 39-бабының 9-тармағының талаптарын бұзу болып табылады.
2021 жылдың 15 қыркүйегінен бастап кәсіпорын СҚТҚ техникалық ақауларға байланысты ағынды суларға биологиялық тазартуды жүргізбеген. Жобалық шешімдер мен Кодекстің 393-бабының 1-тармағының талабы сақталмаған.
Тексеріс қорытындысымен «Aktau tourism city ltd» ЖШС-не қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 324, 325, 326, 328, 331, 332 баптары бойынша 6 әкімшілік іс қозғалды.
Экология департаменті «Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ атына қоршаған ортаға эмиссияға бұрын берілген рұқсатты кері қайтарып алу мәселесі бойынша хат жолдады.