Адам өмірінде үш нәрсені істеу керек дейді: ағаш отырғызу, үй салу және ұл тәрбиелеу. Бұл тіркес ер адамдарға қатысты болғанымен, бүгін mangystaumedia.kz сайты осының бәрін жасап үлгерген әйел туралы айтып береді.
Балымжан Қарақұлқызы Ізжанова – ағынды суларды тазартатын аға оператор. Ол Ақтау битум зауытының алдын ала өңдеу учаскесінің өндірістік бригадасындағы жалғыз әйел. Зауыт ашылғалы бері жұмыс істеп келеді.
Балымжан мектепте химияға қатты құмар болғандықтан, Ашхабад қаласындағы Түркіменстан политехникалық институтына оқуға түсіп, оны сәтті бітіріп, «Сумен жабдықтау және су бұру, ағынды суларды тазарту инженері» мамандығын алып шығады. Балымжан сол жылдары оқу Мәскеу инженерлік-құрылыс институтының (МИСИ) әдістемесі бойынша жүргізілгенін, оқытушылардың біліктілігі жоғары болғанын еске алды. Ол алғашқы жұмыс тәжірибесін Мэридегі азот зауытында бастап, өз мамандығын жақсы көрді. Содан 1992 жылы Қазақстанға көшіп келді. Қазақстанда ұзақ жылдар бойы Ақтау қалалық «Жылу, сумен жабдықтау және су бұру» мемлекеттік кәсіпорнында қызмет етті. 2013 жылы Ақтауда битум зауыты салынып жатқанын біліп, түйіндемесін тапсырып, сол кезде жаңадан құрылып жатқан алдын ала өңдеу учаскесіне жұмысқа қабылданды. Оның тікелей қатысуымен зауыт іске қосылды.
«Мен өзімді ер адамдар тобында жұмыс істеп жатқандай сезінбеймін. Әріптестерімнің барлығы - менің отбасым. Цехтағы және басшылықты қосқанда барлығы он бір адамбыз. Ер адамдар үнемі жұмысыма көмектесуге тырысатын, бірақ бұл маған ұнамайтын еді. Әрине, жігіттердің мені қиындықтардан қорғауға тырысқанын түсінемін, бірақ мен әйелдің кез келген жұмысты ер адамдармен тең дәрежеде атқара алатынына сенемін», - дейді күлімсіреп Балымжан.
Әріптестері де Балымжан туралы жылы сөздер айтады, Бәкеңнің (оны осылай құрметпен атайды) үнемі тәртіпке шақыратынын айтады. Балымжан Қарақұлқызы басшылықты жоғары бағалайды, еңбегі алғыс хаттармен, грамоталармен марапатталған.
Ол өзі көп балалы отбасында өсті. Ата-анасы – теміржолшылар он перзентінің бойына еңбекке деген сүйіспеншілік пен құрметті сіңірді.
«Мен ауысымға бара жатырмын, ал менің ойларым зауытта. Біз, шын мәнінде, битум өндірісінде пайдаланылған суға екінші өмір сыйлаймыз. Біздің міндетіміз – суды мұнай қоспаларынан толық тазарту. Біздің өңірде суға қашанда ұқыптылықпен қарау керек», - дейді Балымжан.
Тағдыр Балымжанды тек жұмыста ғана емес, өмірде мықты қылды. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін үш ұлды өзі өсірді. Үлкен ұлы - Мақсат. Ол автомеханик мамандығын тәмамдаған, өз отбасы, екі баласы бар.
Ортаны баласы – Даниал. Ол 11-сыныпты бітіріп, жылу инженері болғысы келеді. Кенжесі - Ерасыл жоғары санатты газбен дәнекерлеуші болуды армандайды. Сондай-ақ өзі үй салып, аулаға тандыр орнатып, нан пісіруді армандайды.
«Үйде мен - анамын», – деп күледі Балымжан, – ұлдар өседі, үнемі тамақ жегісі келеді, сондықтан мен оларды дәмді тағамдармен еркелетемін.
Балымжан бәріне үлгеріп жүр, тіпті зауыт жанына бірнеше ағаш отырғызған. Зауыт жеміс ағаштары мен раушан гүлдері бар шағын бақшасымен танымал.
Ол өзі таңдаған мамандығынан көңілі қалмағанын айтады. Қорытындылай келе, осындай кішкентай, нәзік, қарапайым, күлімсіреген нәзік әйел бүкіл ұжымның үлкен құрметіне ие.