Саябақта тұрған мүсін қыздардың «гримдері» ауа райы қолайсыздығынан ағып кеткен. Бұл туралы Ақтау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Былтыр ұлттық киім киген екі қыздың архитектуралық мүсіні боялған. Алайда жауын шашын, күн мен желдің әсерінен мүсіннің өңі қашқан.
Биыл сырлау жұмыстары қаланы абаттандыру жұмыстарының тізіміне енгізілген.
«Қазір шағын архитектуралық мүсіндердің алдыңғы бөлігін түзетуге кірістік. Бұл жұмыстармен былтыр қаланы абаттандырған компания орындап жатыр. Алдағы уақытта тендердің қорытындысы шыққан соң абаттандыру жұмыстарымен белгіленген мердігер мекеме айналысады. Жалпы жұмыс барысында барлық мүсін қайта боялады», - деп хабарлады қала әкімдігі.
Бұған дейін біз, мүсін қыздардың кескіні тұрғындардың сынына ұшырап, әзілге айналғанын жазған болатынбыз.