Ақтаулық тұрғындар тарапынан қаланы абаттандыру мен жарықтандыруға қатысты сұрақтар туындады. Көпті мазалаған сұрақтарға Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жауап берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Неге «Clover media» компаниясы және аталған компаниямен неліктен тікелей келісімшарт жасастық? Заңда көрсетілгендей, егер компанияның Әділет министрлігінде тіркелген патенті болса, онда тікелей келісімшартқа отыруға құқығымыз бар. Оның үстіне, әрбір конкурс – демпинг. Әдетте, тәжірибеде конкурстық комиссияның шешімі облыстық деңгейде, одан кейін республикалық деңгейде дауланып, процедура алты айға, тіпті бір жылға кейінге қалдырылады. Егер қысқа жол болса, онда ұзақ жол жүрудің не қажеті бар», – деді қала әкімі.
Сонымен қатар қала басшысы 300 млн теңгенің демеушілер тарапынан бөлінгенін айтты. Бұл ретте демеуші қаржыны қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне өткізді, бүгінде мекеме серіктестікпен келісімшартқа отырды. Осы келісім бойынша қарастырылған барлық жұмыс демеушілермен келісілген.
«Иә, қызғалдақпен сәтсіз мысал болды, мен оны мойындадым. Бірақ қалған жұмыс бойынша шағымдар жоқ. Барлығы кепілдік бойынша жұмыс істейді. Ал итбалық пен бекіре балықтарына келсек, олар келісімшарт жасалғанға дейін құрылған. Мұнда келісімшарт жасасу бір күнде аяқталмайтынын, белгілі бір процедуралардан өтетінін түсіну керек. Сонымен келісім жасалған уақытта, жауапты мекеме ертерек келіп теңіз жағасына итбалық пен бекірені орнатты», - деді Нұрдәулет Қилыбай.