Ақтау қаласын көгалдандыру үшін мемлекеттік-жекешелендіру әріптестік қағидасы бойынша бес жылға келісімшарт жасалады. бұл әдіс әртүрлі компаниялармен келісімшарт жасағаннан гөрі әлдеқайда тиімді. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Инвестор тендер рәсімдерінен кейін белгілі болады.
«Бүгін «Ақтау тұрғын үй» мекемесі төменгі шағынаудандарға құбыр тартуды бастады. Қазірдің өзінде 700 метрі төселіп, тағы 40 шақырымға келісімшарт жасалып жатыр. Аталған жұмыстар әлі де жалғасады. Жақында 8 заманауи водовоз келеді. Бұрын жалға алған едік, бірақ судың барлығы суаруға жіберілмей, басқа жерлерде саудаланып жатқан жағдайлар кездесті. Бұған жол бермеу үшін біз водовоз сатып алдық. Барлығына GPS орнатылады», - деді қала басшысы.
Төрт водовоз – 16 текше метр, қалған төртеуі – 12 текше метр. Оларды инвестор сатып алған. Әрқайсысы 20 миллион теңге тұрады.
«Биыл көгалдандыруға 900 млн теңге бөлінді. МЖӘ негізінде инвестор келсе, бұл ақша жетпейтінін, өзі қаражат қосуға тура келетінін алдын ала есептеп қойдық. Биыл кәсіпкер шамамен 300 миллион теңге инвестициялауы керек. Серіктес әрі кеңесші – облыстың Ботаникалық бағы. Мамандар біздің қызметкерлерге кеңес береді, өйткені ғылымсыз ешқандай даму болмайды», – дейді Нұрдәулет Қилыбай.