© Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Саналы ұрпаққа сапалы білім және ізгілік пен гуманизмге негізделген ұлттық тәрбие беру – өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық төңкерісті бастан өткерген алпауыт елдердің басты саяси даму стратегиясы. Себебі әлемдік талапқа сай озық білім жүйесі мен кең құлашты ғылым саласын қатар өрістету, өскелең ұрпақ тәрбиесіне терең мән беру үздіксіз әрі үдемелі даму қуатымыздың қайнар көзіне айналмақ. Бұл ретте бағзы дәуірлерден бүгінге жеткен халық даналығы - ұлттық рухани құндылықтарды шым-шымдап жас буын бойына сіңіре беру озық ойлы, рухани кемел тұлғалардың қалыптасуына негіз болмақ. Бұл ретте біз әрине ең алдымен отбасы институтын өркендету, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттаумен қоса балғын бүлдіршіндерге тағылымды тәрбие беруде басты рөлді сомдайтын балабақша тәлімгерлерін назардан тыс қалдыра алмаймыз. Балабақша тәрбиешісі біз үшін әркез мейірімі мен жан жылуы мол, ақыл-парасаты, тәлім-өнегесі зор жібек мінезді жан ретінде елестейді. Жарық әлемнің жұмбағы мен тылсымын таңданыспен зерделеуге ынталы бала санасы мен жан сарайының түкпір-түкпіріне бойлай білер тәрбиешілерге артылатын жауапкершілік жүгі де зор. Бүгінде мектепке дейінгі білім беру жүйесіне 40 жылға жуық өмірін арнап, балғын бүлдіршіндердің бірнеше буынын тәрбиелеп, шығарған, күрделі әрі күрмеулі, талабы жоғары, міндеті ауыр қызмет жүгін абыроймен алып жүрген Абдулаева Райза Темірбекқызын білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз деуге саяды.
Райза Темірбекқызы Астрахань облысы, Житное ауылында 1962 жылы туған. Бүгінде ол балғын балалық шағы, ескірмес естеліктерге толы жастық дәурені өткен туған өлкесін ыстық ықылас, қимас сағынышпен еске алады. Райза апаның бастапқы білім бағыты - медицина. Соның ішінде денсаулық сақтау жүйесінің аса ауқымды ана мен бала денсаулығын сақтау саласында акушер-гинеколог мамандығы бойынша білім алған. 1982 жылы Жаңаөзенге қоныс аударғаннан кейін ол өз мамандығы бойынша бес жылға жуық қызмет атқарады. Уақыт өте жеке өміріндегі өзгерістер, заман талабы мен тұрмыстағы қажеттіліктерге байланысты балабақшаға қызметке орналасады.
«1987 жылдан бері, 25 жасымнан бастап балабақшада қызмет етіп келемін. Ең алдымен Ақтаудағы №48 балабақшада бас мейірбике болып жұмыс істедім. Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы бойынша жоғары білім алып, осы бағытта тәжірибемді толықтыра түстім. 1997 жылы білім беру жүйесіндегі бірқатар өзгерістер орын алып, қызмет орнымның ауысына байланысты № 54 балабақшаға бас меңгеруші болып тағайындалдым. Мінеки содан бері бұл ғимарат мен үшін ыстық ұя. Ал менің ұжымым, балақайлар мен олардың ата-аналары – менің екінші жанұям»,-деп ағынан жарылды Райза апа.
Тәуелсіздіктен кейінгі ел экономикасын қайта құру кезеңінде қай салада да қиындықтар бас көтергені мәлім. Райза апа осы жылдар аралығында өз қызметінде қандай келеңсіздіктер кезіксе де, кәсіби ұтқырлық, ерек ерік-жігер танытып, кедергілерді еңсеріп келді. Мәселен, 2000-жылдардағы қысылтаяң шақта балабақшаны «оңтайландыру» науқанына іліктірмей, қызметкерлерін барынша қысқартуға ұшыратпай, тиісті бала санын қамту мәселесін оңынан шешуге бар күш-жігерін сарп етті. Бұдан бөлек Райза апаның жетекшілігімен бюджет қазынасынан бөлінген қаражат ұтқыр жұмсалып, балабақшаның материалдық-техникалық базасын нығайту, оқу-әдістемелік құралдармен қамту, аумағын аббаттандыру, жасыл желекпен көмкеру секілді маңызды іс-шаралар жоғары деңгейде атқарылуда. №54 «Айналайын» балабақшасы 1990 жылы бой көтерген. Десекте оның аумағы жылдың қай маусымында да мұнтаздай тазалығы, алаңдағы алуан түрлі реңке боялған ойын құралдары, гүлзарлар және жас көшеттермен көзге түседі. Көктем келісімен жеміс ағаштары бүр жарып, аулада жайқалған қызылды-жасылды гүл шоғырлары балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Балабақша ауласы мектепке дейінгі тәрбиенің құрамдас бөлігі екендігін ескерсек, баланың таным-көзқарас көкжиегін кеңейтуде, жарқын әрі жағымды эмоциялар сыйлауда, санасын сергек сақтауда да маңызы аса зор. Ал бұның барлығы да мекеме меңгерушінің табанды еңбегінің жемісі деп түйіндейміз.
«Балабақша - білім беру жүйесіндегі ең бастапқы саты. Шынтуайтында, мектепке дейінгі кезең - жеке тұлғаның қалыптасуындағы ерекше және маңызды шақ, бала бойындағы тәрбиенің мығым іргесі. Балғын балақайларға еркіндік беру, олардың дүниетанымын зерделеу, көңіл-күйін ұғыну , балаларға қамқорлық таныту, олардың қауіпсіздігін сақтау, салауатты өмір салтына баулу, әр алуан педагогикалық әдіс-тәсілдерді кіріктіре отыра білім дағдыларын дамыту – тәрбиешілердің еншісінде. Біздің тәрбиешілер үздіксіз шығармашылық ізденісте. Тәрбиелеу мен білім беру ісінде заман талабына сай үздік әдіс-тәсілдерді қолданудан кенде қалған емес. Қала бойынша біздің балабақша сыйымдылығы ең жоғары екендігін ескерген жөн. Тәрбиешілер мен көмекшілер бала санының көптігіне қарамастан өз қызметін жоғары деңгейде атқаруда. 2006 жылы біздің балабақша тәрбиешілері, музыканттары мен методистері алғаш рет республикалық «Мектепке дейінгі білім беру ұйымының үздік педагогы» конкурсына қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен білікті кадрлар қатысқан дүбірлі додада өңір мәртебесін қорғап, бақ сынасты. Жеңімпаз атанбасақ та, «Жеңіске деген ұмтылысы үшін» номинациясын жеңіп алдық. Жыл сайын қалалық, облыстық деңгейдегі байқаулар мен сайыстарда біздің тәлімгерлер жеңіс тұғырынан бой көрсетеді. Ғылыми-тәжірибелік конференциялар, кәсіби біліктілікті шыңдайтын оқу-семинарлары жиі ұйымдастырылып, педагогтер қатысады»,-дейді Райза Абдулаева.
Райза Темірбекқызы педагогтер ұжымының жаңа бағытта жұмыс істеуге ұмтылысын әркез қолдайды. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың ұлттық үлгідегі жүйесін қалыптастыруда жаңа форматтағы білім беру тәсілдерін енгізуді қуаттайды. Сондықтан да бала қиялына қанат бітіретін, қабілет-дарынын дамытатын, шығармашылық әлеуетін арттыратын, білімін жетілдіріп, тәрбиесін мығымдай түсетін көрнекілік, ойын технологиялары оқыту іс-әрекеттері барысында жиі қолданылады. Райза апа жетекшілік ететін педагогтер ұжымы әлемді әбігерге салған пандемияның күрделі кезеңінде өз қызметін жоғары жауапкершілікпен атқарды. Қауіпті індет құрсауы босаңси сала, балабақша қызметіне қайта кіріскенде денсаулығына төнген қауіпке қарамастан, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өзіне артылған ауыр міндетті абыроймен көтере білді.
«Тәрбиеші – бала жанының бағбаны. Ал бала тәрбиесі – өте нәзік дүние. Сол себепті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ісінде бүлдіршіндерге сапалы білім беру, ата-аналармен өзара түсіністік пен сыйластыққа негізделген байланыс орнату ауқымы кең, маңызы орасан жұмыс .Ал Райза Темірбекқызының педагогика саласындағы қырық жылға жуық ғұмырын сарп кеткен абыройлы қызмет жолы оның асқақ рухына, қажыр-қайраты мен ерге бергісіз еңбекқорлығына айғақ болады. Райза ханым тәжірибесі телегей басшы ғана емес, аса қамқор, беделді, уәдеге берік, таным көкжиегі кең жан. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналағы. Мерейлі белеске көтерілген жаңа жасында Райза Темірбекқызына шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілеймін»,-дейді жоғары санатты тәрбиеші Күміс Гумарова.
Райза апа өз қызметін де, өмірін де бала тәрбиесімен тығыз байланыстырады. Білікті тән ақыл-парасат, ұстамдылық, мұқтаж жанның тілегіне құлақ аса білу, сыннан нәтиже шығару сынды барлық қасиет бойынан табылады. Оның білім беру саласында атқарған көп жылдық елеулі еңбегі ескеріліп , бірқатар марапатқа ие болған. Оның қатарында «Ақтау қаласына -55 жыл», «Білім беру ісінің үздік қызметкері», «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ Маңғыстау облыстық филиалының «Үздік қызметкер» төсбелгілері, «Құрмет» грамотасы мен бірқатар Алғыс хаттары бар. Бүгінде алпыс жастың белесіне көтерілген Райза апаның өмірдегі ең басты жетістігі - оның қос қанатындай, көзінің ағы мен қарасындай – ұл мен қызы. Перзенттерінің қызығына бөленіп, жиендерінің қылығынан бақыт тауып отырған асыл жан, ардақты ұстазға жарық дүниедегі барлық ізгілік пен жақсылықты тілеймін.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ