Ереуілде тұрған «Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары талаптары орындалмаған жағдайда серіктестікті «ҚМГ» ҰК» АҚ қатарына қайта қосуды талап еткен еді. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев бірқатар мұнай сервистік ұйымдарының ұлттық компания құрамына қайта өткізу мәселесі қаралмайтынын айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Біз сервистік қызмет көрсететін серіктестіктерді «ҚМГ» құрамына енгізе алмаймыз. Серіктестіктерді мемлекет меншігіне қайта алу болмайды, керісінше, одан әрі жекешелендіру жоспарланып отыр, - деді Алик Айдарбаев.
Сонымен қатар, Алик Серікұлы «ӨзенМұнайГазға» сервистік қызмет көрсететін компанияларға төленетін тариф құны мен жұмысшылар жалақысын арттыру бойынша жұмыстанып жатқанын айтты.
Алик Айдарбаевтың сөзінше, «ҚазМұнайГаз» ҰК» қазірдің өзінде 90 компанияның қызметін пайдаланады. Ал жалпы жұмысшы саны 20 мыңға жуықтайды екен. «ҚазМұнайГаз» өзіне қызмет көрсететін сервистік серіктестіктердің қызметін бұдан әрі қолданатынын және тариф бағасын көтеру күн тәртібіндегі мәселе екенін атап өтті.
Махаббат Нұржанқызы