Ақтаулық Әбуғали Мыңбаев мемлекеттен алған қайтарымсыз гранттың арқасында жеке көркем сурет студиясын ашты, деп хабарлайды Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Суретші Маңғыстау өнер колледжінде «Бейнелеу өнері» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде ол өзінің «Айзере» көркем сурет студиясында жас суретшілердің шығармашылық талантын дамытуда.
Әбуғали Мыңбаевтың сурет студиясында сурет салуға қабілеті бар 5-17жас аралығындағы 80- ге жуық бала тегін білім алуда. Олар аптасына екі рет сурет салудың қыр - сырын меңгереді. Студия жетекшісінің айтуынша бейнелеу өнері, сурет салу балалардың болашақ мамандық таңдауына да септігін тигізбек.
- Біздің басты мақсатымыз ізгі құндылықтарды балалардың бойына сіңіру және бейнелеу өнеріне бейімді жастардың шығармашылығын жетілдіру. Балалардың суретке деген қызығушылығын арттырып, бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасау. Киім дизайнері, сәулетші болуды армандайтын жастарға қолдау көрсету,- дейді Әбуғали Мыңбаев.
Сонымен қатар, студия жетекшісі жастардың шығармашылық ізденістеріне жол ашу мақсатында шеберлік сыныптары мен түрлі тақырыпта көрмелер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.