Биыл Маңғыстау облысында 8 мектеп пайдалануға беріледі. Оның бесеуі Ақтау қаласында салынып жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова жаңадан салынып жатқан білім ордаларының құрылысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыс әкімдігіне сілтеме жасап. Облыс орталығындағы 18, 19А және 31А жаңа шағынаудандарда салынып жатқан мектептер 1 200 орындық болып белгіленген. Бұл нысандар пайдалануға берілген соң, аталған шағынаудан оқушылары қаланың өзге мектептеріне қатынап оқу машақатынан құтылады. Сондай-ақ Ақтау қаласының 32 а шағынауданындағы №29 орта мектеп жанынан 400 келушіге және Өмірзақ ауылында 150 оқушыға арналған жапсаржай тұрғызылып жатыр. 2022 жылы Бейнеу ауылында және Мұнайлы ауданының Басқұдық елді-мекенінде де жаңа мектеп оқушылар игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Гүлмира Қалмұратова жергілікті атқарушы биліктің алдында тұрған басты міндет үш ауысымдық білім беру мәселесін жою екенін атап өтті.
«Қазір өңірде мемлекеттік 143 мектеп жұмыс істейді. Онда барлығы 162 259 бала білім алады. Республика бойынша Маңғыстауда бала туу көрсеткіші жоғары. Сондықтан аймақта соңғы 5 жылда оқушы саны 41 мыңға артып отыр. 2021 жылы Ақтау қаласында 1 500 орындық 2 білім беру нысаны мен 1 160 орындық 5 жекеменшік мектеп іске қосылды. Десе де үш ауысымдық мектеп саны азаймай тұр. Бұл мәселе Президент тапсырмасы бойынша үкімет қабылдаған облысты дамытудың кешенді жоспары аясында шешімін таппақ. Сондай-ақ кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа мектептер салу ісіне басымдық беріп жатырмыз», - деді Гүлмира Қалмұратова.