Түпқарағанда заң ғылымдарының докторы Зиманов Салық Зиманұлына арналған мемориалды тақта ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тақта Салық Зиманұлының 1938-1939 жылдары жұмыс істеп кеткен мектеп жанына орнатылды. Қазіргі таңда көк мектеп деп аталып кеткен алғашқы білім ордасы музейге айналған.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров қатысты.
«Елбасының қасында жүрген азаматтың бірі Салық Зиманов өмірден озып кетті. Ол кісіні білетін де, білмейтін де бар шығар. Салық ағамыз қара шаңырақтағы Киров мектебінде 2-3 жыл математика пәнінен сабақ берген. Бәріміз Салық Зимановтың еңбегін білеміз. Егемендік алған жылдары Ата Заңды жазуға атсалысты. Жатқан жері жарықта, жаны жәннатта болсын!», - деді Бекбол Тілеумұратұлы.
Содан соң Түпқараған ауданының құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Гүлсім Рамашова сөз сөйлеп, ескерткіш тақтаны ашты. Ал келген халық гүл қойып, қоғам және мемлекет қызметкерін құрметпен еске алды.
«Салық Зиманұлы өте сауатты, зиялы жан болды. Біз оқыған мектепте математикадан сабақ берді. Ел Конституциясын жазып, тәуелсіз елді дамытуға үлес қосты. Сондықтан әрбір тұрғын Салық Зиманұлын құрметтейді. Ол шамамен 10-15 жыл бұрын ауданға келді. Сол уақытта оның есімімен музей ашылды. Музейді аралап, экспонаттармен танысып шыққан болатын. Бұл Салық Зиманұлының өңірге соңғы рет келуі болған екен», - дейді аудан тұрғыны, ардагер Аманғали Жұмашұлы.
Сондай-ақ ол Салық Зиманұлын еске алуға арналған мемориалды тақта ашылып жатқанына қуанып, алғысын айтты.
«Мұның өзі балаларға үлкен жақсылық. Музейге ел адамдары келіп, тарихпен танысып, ақпараттарды көреді. Біз Форт-Шевченконы қара шаңырақ дейміз ғой. Болашақта осы аудан үлкен музейге айналатынына сенемін. Себебі облысқа тиесілі тарихи жәдігердің 70 пайызы осы Түпқараған ауданында. Мереке қарсаңындағы игі істер алдағы уақытта өз жемісін беретіні анық», - дейді ардагер Аманғали Жұмашұлы.
Еске сала кетейік, Түпқараған ауданында тәуелсіздік мерекесіне орай балық өнімдерін өңдейтін және сату цехы ашылды. Одан бөлек балықшылар құрметіне демалыс орны пайдалануға беріліп, ескерткіш бой көтерді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА