Бүгін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұржігіт Хайруллаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін комиссия жанынан құрылған 9 жұмыс тобы 3 491 адамның тізімін анықтаған. Оның ішінде 1 000 адам ақталды. Алдағы уақытта бұл тізім мемлекеттік комиссияға жіберіледі. Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Келесі жылы жұмысшы топтар дала экспедициясына шығуды жоспарлап отыр.
«Енді саяси қуғын-сүргін құрбандары мен ашаршылық жылдары құрбан болған азаматтардың жерленген жерін анықтау мақсатында өңірдегі діни орындар, мешіттер, шіркеулер, қорымдар, ескі зираттардың тарихын зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Мамандар жергілікті тұрғындармен, өлкетанушылармен сұхбаттасатын болады», - дейді ол.
Сонымен қатар ол қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия мүшелерінің ыңғайлы жұмыс істеуіне жағдай жасауды ұсынды.
«Комиссия құрамы өзінің негізгі жұмыстарынан бөлек тегін зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Архивке барып, таңертеңнен кешке дейін отыруға шыдам керек. Осы ретте біз топ мүшелерінің қызметіне ақы төлеу мәселесін көтердік. Бір жерден іс сапарға жіберу және аудармашылар қызметіне бюджеттен қаржы қарау мәселесін ұсындық. Одан бөлек құпия құжаттарды зерттеуге рұқсатнама алуды тездетуді, сонымен қатар топ ішіндегі 8 мұғалімнің жұмыс кестесін үйлестіру мәселесін қозғадық. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Полиция департаментіндегі саяси қуғын-сүргіндерге қатысты құжаттарды құпиясыздандыруды айттық», - дейді Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұржігіт Хайруллаев.
Ал облыс әкімі саяси қуғын-сүргінге қатысты барлық ақпараттарды жан-жақты зерделеуді тапсырды.
«Ел Президенті саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде міндет қойды. Бұл біздің қасиетті міндетіміз. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарының жарқын болашағы үшін әділдік салтанат құруы тиіс. Жұмыс топтары ұйымдастыру, ақпараттық және талдау жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың барлық өтініштерін зерделеуі тиіс», - деп түйіндеді Нұрлан Ноғаев.