Ақтауда 22 қыркүйек күні теңіз жағасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6656 әскери бөлімінің әскери оркестрі өз өнерін көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға әскери бөлімнің 13 өнерпазы қатысты. Кеште оркестрдің сүйемелдеуімен он беске жуық патриоттық ән шырқалды. Атап айтқанда, «Алға қазақ жігіттері», «Батырлар ұраны», «Армиямыз айбынды», «Елдің қорғаны» сынды туындылар орындалды. Сонымен қатар, оркестр солистерінің орындауында «Адай» және «Самғау» күйі шертілді.
- Шараның негізгі мақсаты - өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді ояту, жастарды ел қорғауға шақыру. Бұл жыл басынан бері ұйымдастырып отырған төртінші концертіміз. Қала тұрғындары кезекті концертімізді асыға күтеді. Алдағы уақытта әр жұма сайын теңіз жағасында әскери оркестрмен бірге өнер көрсету жоспарымызда бар, - деді әскери оркестр дирижері Самат Баяубаев.