22 қыркүйек күні өңір басшысы Бейнеу ауданына жұмыс сапарының екінші күнінде Сам, Тұрыш, Ноғайты және Бейнеу ауылдарын аралады. Сам ауылындағы 300 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Сапар барысында аймақ басшысы аудандағы негізгі әлеуметтік нысандарды аралап, халықпен кездесу өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ең алдымен Нұрлан Ноғаев іргетасы 1957 жылы қаланған Сам ауылындағы орта мектеппен танысты. 150 оқушыға арналған оқу ордасы бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазіргі таңда бұл ғимаратта оқушыларға орын жетіспеушілігі байқалады.
Бұл мәселені шешу үшін аталған ауылда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Мектепті 2024 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланып отыр. Бұл мектепте Сам ауылының ғана емес, Ноғайты және Тұрыш ауылдарының балалары да білім алады.
Аталған бағдарлама аясында Бейнеу ауылында 600 балаға арналған екінші мектеп құрылысы жүргізілуде. Нысан пайдалануға 2024 жылдың соңына дейін беріледі деп жоспарланған.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңір үшін маңызы бар білім беру нысандарының құрылысы уақытылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз ету үшін құрылыс барысын қатаң қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ жұмысты орындау мерзімі мен бюджеттік қаржыны дұрыс игеруге баса назар аудару керектігін атап өтті.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауына сәйкес, елде жалпы білім беру нысандарының жетіспеушілігі мен апатты мектептердің санын азайту сияқты мәселелерді шешуге бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асып жатқанын айтты. Осы бағдарлама аясында 2025 жылға дейін өңірде 21 жаңа мектеп салу жоспарланған, оның ішінде екі білім нысаны Бейнеу ауданында бой көтереді.
Облыс әкімінің сапары «Қарағайлы» ауыз су қоймасында жалғасты. Аталған нысан Сам және Ноғайты ауылдарын сумен қамтамасыз етеді. Жалпы көлемі 640 текше метр болатын бұл резервуарлардың тәуліктік қуаты - 300 текше метр және жер асты суымен қоректенеді, сондай-ақ, тазалауды қажет етпейді. Қазіргі уақытта ауылдарға дейін құбыр тарту жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар әкім Сам, Ноғайты және Тұрыш ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар Бейнеу бағытындағы жолдардың жай-күйі, жергілікті амбулаториялардағы медициналық кадрлардың жетіспеушілігі және темір жол аумағына көпір салу мәселелеріне назар аударуды сұрады.
Бұл ауылдардағы жалпы халқы саны 1400-ден асады. Жергілікті тұрғындардың негізгі табыс көзі - мал шаруашылығы. Сол себепті ауыл шаруаларына түрлі бағдарламалар аясында мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мәселен, биыл Тұрыш ауылының бес шаруа қожалығына 10 миллион теңге көлемінде азық-түлікке субсидия берілді.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында әкім Тұрыш ауылындағы орталықтандырылған су құбырымен танысты.
Өңір басшысының сапары 70 мыңнан астам тұрғыны бар Бейнеу ауданының орталығында жалғасты. Жиын Бейнеу ауданы әкімінің м.а. Рахымжан Шалбаевтың сегіз ай ішінде атқарған жұмыстары туралы баяндамасымен басталды.
Оның айтуынша, сегіз айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 37,6 млрд. теңгені құрап, 2,2 есеге өскен.
Кездесуде ауыл тұрғындары тұрғын үй сапасы, сұйытылған газдың жетіспеушілігі, жолдардың жай-күйі, сондай-ақ, көрсетілетін коммуналдық қызметтерге байланысты тұрғын үй көмегі туралы сұрады.
Халықпен кездесуден кейін әкім азаматтарды жеке қабылдады.