2022 жылы Каспий су тұщыту зауытының қуаттылығы артады. Кәсіпорын тәулігіне 40 мың текше метр су өндіретін болады. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Айтуынша, осылайша Мұнайлы, Түпқараған ауданының Ақшұқыр және С.Шапағатов ауылдары және Қарақия ауданының Құрық ауылы сумен толықтай қамтылады.
«Жобаның жалпы құны 12,6 млрд теңге. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаны 2022 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өңірдегі ауыз су тапшылығы, әсіресе жазғы кезеңде білінеді және тәулігіне 51,0 мың текше метрді құрайды, өңірдің даму деңгейін ескергенде, 2025 жылға таман суға деген қажеттілік тәулігіне 250-260 мың текше метрді құрайтын болады, ал тапшылық тәулігіне 100-110 мың текше. Өңір негізінен «Астрахань-Маңғышлақ» су таратқышы арқылы Еділ суымен және тұщытылған теңіз суымен қамтамасыз етіледі. Олардың жалпы қуаты шамамен тәулігіне 150 мың текше метрді құрайды», - деді Бердібек Қартбаев.
Алдағы уақытта тағы «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 60 мың текше метрге қосымша кеңейту жобасы басталмақ. Іске асыру кезеңі 2022-2025 жылдар. Жобаның болжамды құны 25 млрд теңге. Сондай-ақ, Ақтау қаласының халқын сапалы және үздіксіз сумен қамтамасыз ету мақсатында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС аумағында қуаты тәулігіне 24 мың текше метрлік су тұщыту қондырғыларының құрылысын салу жоспарланған.
«Жыл сайын жазғы кезеңде ауыз су кестеге сәйкес, қысымның төмендеуімен халыққа беріледі және тұрғындардан жиі шағым түседі. Жаңа қондырғыларды орнату жобасына 2021 жылы жергілікті бюджеттен жобаның ЖСҚ әзірлеуге 10,0 млн.теңге бөлінді. Жобаны іске асыру кезеңі – 2023-2024 жылдар»,-деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, алдағы уақытта Түпқараған ауданы Ақшұқыр және С.Шапагатов елді-мекендері мен Форт-Шевченко қаласында су тұщыту қондырғысының құрылысын салу жоспарланса, Жаңаөзен қаласындағы Кендірлі ауылында, Қарақия ауданының Құрық ауылында, Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында су тұщыту зауытын салу көзделген.