Төтенше жағдайлар департаменті мамандары мен полиция қызметкерлері оқиға орнында әлі жұмыс істеп жатыр. Төтеншеліктердің соңғы ақпаратына сәйкес, жарылыстан әзірге 10 автокөлік зақымданған. Сонымен қатар, бүгін таңертең үйінді астынан табылған екі газ баллон қауіпсіз аймаққа жіберілді дейді төтеншеліктер, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жарылыс аумағынан 300 тонна қоқыс шығарылыпты. Ал қала тұрғындары бомба жарылғандай дыбысты естігендерін айтады. Тіпті кейбірі, жер сілкінді деп таңды үреймен атырған.
- Бірақ газ баллонның жарылғаны сияқты емес ол. Одан да күштірек зат жарылған сияқты. қатты естілді. Даже алыстағы тұрғындардың өзі жер сілкінгендей болды дейді, - қала тұрғыны Нұрдәулет Ингаев.
Жарылыстың жойқын болғаны соншалық тіпті сол маңдағы гаражда тұрған көліктер де қираған. Мәселен, Тұрсынбай Тәжетиновтың жақында ғана сатып алған автомобилі үйінді астында қалған.
- Кеше жарылыс болғанда осы жерде тұрдық, үстімізден тас жауды. Біз қашып, гаражға кіріп кеттік. Мындағы қақпалар жұлынып кетті. Сақтандыру бізге көмектесе ме, көмектеспей ме білмей отырмыз, - дейді қираған көліктің иесі Тұрсынбай Тәжентинов.
- Полиция әрекет етпей жатыр. Тіпті тіркеуге де алған жоқ. Полицейлер бір-біріне сілтеп жатыр. Енді көліктің сынған бөлшектерін де тапсырыс беріп Америкадан алдыру керек. Тергеу барысында кінәлі деп тапқан адамнан шығынды талап ететін боламын, - дейді қираған көліктің иесі Эдуард Егоров.
Ал кешеннің бір бөлігін жалға алып отырған дәмхана иесі мамандар жарылды деп болжаған газ баллон маған тиесілі емес деп отыр.
- Не жарылғанын тексеріп жатқандар білетін шығар. Мен оның неден болғанын қайдан білемін?! Газ баллон ғимараттың артқы жағында қолданылады. Әлі қарап жатыр ғой. Шығатын шығар. Құлаған ғимараттың бергі жағынан баллондарды тауыпты. Ол жоғардағы екінші қабаттан шықты ма, шетінен ба, оны мен білмеймін. Біздікі емес, - дейді дәмхана иесі Абай Әміреев.
Жарылыстың нақты себебі де әзірге нақты анықталмаған. Алдын ала болжам бойынша электр қуатының қысқа тұйықталуы немесе газ баллон жарылған болуы мүмкін деп болжайды мамандар.
Құтқарушылар мәлеметінше жарылыс болған аумақта қазір ешқандай қауіп жоқ.
Махаббат Нұржанқызы