Бүгін Мұнайлы ауданы әкімі Рахат Елтизаровтың тапсырмасына сай аудан әкімінің орынбасары Нұрбек Қарасаевтың төрағалығымен жедел штабтың отырысы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Штаб отырысында кәсіпкерлік нысандардың өрт қауіпсіздік ережесін сақтауы және оны бақылау пысықталды. Кеше түнде Ақтау қаласындағы дәмханада болған төтенше жағдайға байланысты Мұнайлы ауданындағы барлық кәсіпкерлік нысан, көпшілік тамақтану орындары, көлік жөндеу орталытары мен әлеуметтік нысандардың өрт қауіпсіздігін сақтауы тексеріледі.
“Ауданда газ баллонын қолданатын кәсіпкерлік нысандар аз болса да бар. Осы нысандарға түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Ауыл әкімдері мен төтенше жағдайлар бөлімі бірлесе аз уақыт ішінде жұмысты ұйымдастыруды тапсырамын. Сақтықта қорлық жоқ. Біздің басты мақсат - қауіпсіздік пен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру”, - деді аудан әкімінің орынбасары Нұрбек Қарасайұлы.
Мұнайлыда 6 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан бар. Бұған дейін де Мұнайлы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жылыту маусымының басталуына орай ауданда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау бойынша ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алайда бүгіннен бастап арнайы құрылған топ қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қатаң бақылауға алады.
Сондай-ақ рұқсатсыз газ баллонын толтыруға жол бермеу мақсатында газ құю бекеттерінің жұмысы да тексерілмек.
Махаббат Нұржанқызы