Биыл бауырлас Түркия Республикасының құрылғанына 98 жыл толды. Осынау ұлық мереке құрметіне Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулдығы салтанатты шара ұйымдастырды. Облыс орталығындағы барлық бас консулдар жұбайларымен, өңірімізде тұратын Түркия азаматтары және лауазымды тұлғалар қатысқан басқосуды кірспе сөзбен ашқан Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Мұзаффер Ақйылдырым Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның құттықтауын оқыды.
«Елімізде, және шетелде тұратын азаматтарымызды және даңқты тарихымыздың алтын мінберлерінің бірі болып табылатын осынау мақтаныш күнін бізбен бірге бөлісіп отырған барша достарымызды 29 қазан Республика күнімен құттықтаймын. Жарияланғанына 98 жыл толған Республикамыздың негізін қалаушы Гази Мұстафа Кемал Ататүрікті және оның қаһарман жолдастарын ізетпен еске аламын.
Осы елді бізге аманат етіп, өмірлерін қиған шейіттерімізге Алладан рахым тілеймін. Осы берекелі іс жолында күресіп жүріп, ардагер атағын алған ардагерлерімізге өз атымнан, елім, ұлтымның атынан алғыс айтамын. Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің мінберінде ұлттық ерік-жігердің абыройлы өкілдері ретінде елімізге қызмет еткен, бірінші Мәжілістен бүгінгі күнге дейін жұмыс атқарған барлық депутаттарымызға да алғыс айтамын. Түркияның қауіпсіздігі мен амандығы, ұлтымыздың тыныштығы үшін шекарамызда аянбай еңбек етіп жатқан, қауіпсіздік күштерімізге, Раббымыздан ризашылық тілеймін.
Әлемнің түкпір-түкпірінде даңқты туымызды мақтанышпен желбіретіп жүрген кәсіпкерлерімізді, үкіметтік емес ұйымдарды және мемлекеттік қызметкерлерді шын жүректен құттықтаймын.Тамыры терең тарихымыз бен көне құндылықтарымыздан алған күш-қуатымызбен 84 миллиондық Түркияны көтеру және оның мақсаттарына жетуі үшінкүш-жігерімізді жалғастырамыз. Денсаулық сақтау инфрақұрылымымыздың күші мен мүмкіндігінің арқасында біз бүкіл әлемді дүр сілкіндірген коронавирусы індетінің ең ауыр кезеңін жақсы басқара отырып, артта қалдырдық. Әлемдік экономика 3 пайыздан астам қысқарған кезде біз 2020 жылды 1,8 пайыздық өсу қарқынымен аяқтадық. Лаңкестікпен күрестен бастап, шекарамыздың сыртында жүргізген операцияларға дейін ешбір мәселеде әлсіздікке жол берген жоқпыз. Төңкерісшілердің шабуылдарына тап болған ливиялық бауырларымыз бен Қарабахтағы басқыншыларға қарсы күресіп жатқан Әзербайжан түріктеріне берген мықты қолдауымыз екі елдің тағдырын өзгертіп отыр. Ливияда төңкеріс жасаушылар жеңіліске ұшыраса, әзербайжандық бауырларымыз да 30 жылға жуық басқыншылықтан кейін өз жерлерін қайтарып алды. Шығыс Жерорта теңізіндегі көмірсутегі ресурстарын шығартпау әрекеттері де сәтсіз аяқталған болатын.
Қиын індет жағдайларға қарамастан, экономикада, ішкі саясатта және сыртқы саясатта қол жеткізген бұл табыстар президенттік басқару жүйесінің тиімділігін, сондай-ақ, еліміздің қуатты инфрақұрылымдарының маңызды көрсеткіші болып табылады. Өткен жылы қол жеткізген бұл қарқынды әр салада, әсіресе экономикада, өндірісте және экспортта одан әрі нығайта отырып, жалғастыра беретін боламыз. Республикамыздың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында да Түркияға бағытталған лас сценарийдің, ешқандай күштің, ешбір жасырын шабуылдың ешқайсысы бізді жолымыздан тайдыра алмайды.
Ұлт ретінде ең үлкен кепіліміз болған бірлігімізді, ынтымағымызды, бауырластығымызды берік ұстана отырып, Түркияның ұлы және мықты мақсаттарын жүзеге асыру үшін күресе беретін боламыз. Жүргізіп жатқан осынау ұлттық күресте, жеңіске жете отырып, біздің құтты бағдарымыз осылайша жалғаса беретін болады.
29 қазан, Республика күнімен тағы бір рет, құттықтап, халқымызға денсаулық, бейбітшілік пен амандық тілеймін.
Шейіттеріміздің рухтары, шат болсын!
Республикамыздың 98 жылдығы, құтты болсын!
Режеп Тайип Ердоған
Түркия Президенті».
Бас консул Түркияның ұлық мейрамын Қазақстанда тойлап жатқанына қуанышты екенін айтып, қатысушылардың барлығына ризашлығын білдірді.
-1923 жылғы 29 қазан күні құрылған Түркия Республикасының құрушысы, әрі тұңғыш президенті, Гази-маршал Мұстафа Кемал Ататүрік «Менің де денем бір күні топырақ болып кетеді, бірақ, Түркия Республикасы мәңгі болып қалады» деп, түрік халқына, тәуелсіздік, демократия мен білім жолын аманат етіп, тапсырған еді, - деді ол. - Бүгінгі таңда Түркия өзінің 98 жылдығында БҰҰ-ның белсенді мүшесі, НАТО мүшесі, Еуропаның стратегиялық серіктесі, Таяу Шығыстың, және Ислам Ынтымақтастық Ұйымының, маңызды бөлігі және әлемдегі 17-ірі экономикасы болып отыр. Республиканың дамуында Ұлы Ұлттық Мәжіліс пен Тұңғыш Президент Ататүріктің іздері бар екендігі сөзсіз. Біздің елдеріміз арасындағы, соның ішінде Азия географиясындағы екіжақты, аймақтық және стратегиялық қарым-қатынастарымыз бауырлас халықтарымыздың шынайы қолдауымен жоғары деңгейде, өзара сенім мен құрмет негізінде дамып, келеді. Ақтау қаласындағы Бас консулы қызметіндегі екінші жылымды аяқтай отырып, Маңғыстау өңірінің Шығыс-Батыс қақпасы болуына, сауда және көлік салаларының дамуына куә болып, өзіндік үлес қосу құрметіне ие болдым және Ақтау қаласының туристік инфрақұрылымдарының дамуына куә болдым. Азияның қақпасы болған стратегиямыздың берік негізін құра отырып, мақсатымыз—екі елдің азаматтары арасындағы өзара сенімді, тарихи, мәдени, экономикалық және саяси құндылықтарды, сондай-ақ, бауырластық ынтымақтастығымызды нығайту болып табылады. Осы ынтымақтастығымыз екі еліміздің ғана емес, сонымен бірге, Жерорта теңізінен Каспий теңізіне дейін, ежелгі түркі дүниесіне және Еуразиялық географияға дейінгі аймағымызға үлгі болып табылады. Құрметті Президенттер айқындаған мақсат-мұрат және ерік тек біздің елдерге ғана емес, сонымен қатар, Эгей теңізінен Каспий теңізіне дейін, көне түркі әлемі мен Еуразия кеңістігіне дейін созылып жатқан аймағымызға жарық түсіретін және үлгі болатын құндылықтарға ие география болып табылады. Бұл мақсаттарға жетуде инвесторларымыз бен мердігер кәсіпкерлеріміз, компанияларымыз, біліктілігі және техникалық мүмкіндіктерімен қызмет жасап жатқан азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміздің қосқан үлесі зор.
2 жыл ішінде Ақтау қаласының туризм саласының керемет дамуын, Ақтау және Құрық порттары әлеуетінің артуын, Еуропа мен Түркиядан Қытайға сауда жүк пойызы желісінің жұмыс істеуін, Ақтау әуежайында халықаралық рейстер санының артуын, соның ішінде, Түрік Әуе жолдарының рейстері, көлік бағыттары және қала инфроқұрылымының дамуын, өмір сүруді ыңғайлатуға бағытталған инвестициялардың артқанын көрдік. Бұл тұрғыда Маңғыстау облысы Каспий транзиттік тасымалының батысқа ашылатын Еуразиялық қақпасы мен тарихи Жібек жолының заманауи орны ретінде, батыс өңірлерінің дамыған елді мекені болуға үміткер. Құрметті Президентіміздің 29 қазан, Республика күніне құттықтау жолдауында айтқандай, бүгін әлемнің ең ірі, 17- экономикасы болып отырған Түркияның «Бастамашыл және гуманитарлық» салаларын көздеген саясаты еліміздің, өңіріміздің және халықаралық деңгейдегі қауіпсіздік, тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ететін бастамалардан тұрады. Әлемдік деңгейдегі, Біріккен Ұлттар Ұйымындағы саясатымыз, «Бейбітшілік үшін бітістіруші» және «Өркениеттер Альянсы» атты бастамаларымыз осы стратегиямыздың нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар, тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған дос және бауырлас ел әлеммен интеграциялануда нық қадамдар жасап, ТҮРКІСОЙ мен Түркі Кеңесінің басын қосып, болашаққа сеніммен қарау үшін бірлесе жұмыс істеуді жалғастыруда. Осы тұрғыда білім, мәдениет, өнер және әдебиет салаларындағы бірлескен қадамдар арқылы көне тарихымызды тереңірек тануда айтарлықтай жетістіктерге қол жетті. Осындай сеніммен келешегіміз үмітке толы болып, ежелгі бауырластығымыз одан әрі дамиды деп сенемін.
Қазақстанның, соның ішінде Маңғыстау туризмін дамытуға инвестиция салып, қысқа мерзімде жан-жақты және үлгі боларлық жобаларды жүзеге асырып, теңіз-су әлемі мен Тема саябағын салған Rixos және Сембол компанияларын және біздің барлық мердігерлеріміз бен іскер азаматтарымызды құттықтағым келеді. Түркия Республикасының 98 жылдығын мерекелеуді ұйымдастырған Rixos орталығының басшыларына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Түрік-қазақ туризм секторымен қоян-қолтық жұмыс істеу бізге болашаққа деген үміт пен күш берді. Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысып, құрылыс, көлік, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларында жаңалық енгізіп, елдеріміздің экономикасының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарымызды, жастарды Кемал Ататүрік аманат етіп тапсырған еліміздің Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Мерекелік қабылдауда құттықтау сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев түбір бір екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тоқталды.
-Түркия Республикасы Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған әлемдегі бірінші ел болды, - деді өңір басшысы. - Елбасының сындарлы саясатының арқасында екі ел арасында саяси-экономикалық және ғылыми берік қатынас орнады. Бұл үрдісті бүгінде мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев үлкен абыроймен жалғастырып, Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанмен ынтымақтастықты дамытып, татулық пен берекенің керемет үлгісін көрсетіп келеді. Біз өз тарапымыздан жоғарғы басшылықтың тапсырмасына сай осы берік қарым-қатынасты одан да тереңдетіп, дамытамыз деген сенімдемін. Бүгінде Түркия Маңғыстау облысының сыртқы сауда байланыстарында маңызды рөл атқарады. Осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында облыс пен Түркия сауда айналымы 93,1 миллион АҚШ долларына жетті. Оның ішінде экспорт—52,4 миллион АҚШ доллары. Қазір Маңғыстау облысының аумағында түрік капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 86 кәсіпорын тіркелген. Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін Ақтау іргесіндегі «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық құны 100 миллиард теңге болатын 2 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. «Сауда қалашығы» мен «Гольф-клуб» демалыс кешенінің ашылуы 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА