Жайдарлы «Жайдарман» ойындары Ақтау қаласы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, «Qazaqstan Jastary» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония сахнасында өңірлік ашық чемпионаттың алғашқы кезеңі болып өтті.
Аталған сайысқа жергілікті «Ұстаздар құрамасы», «Сіздер үшін», «МГК құрамасы», «Не хабар», «Татьяна құрамасы», «Пранкерлер» және атыраулық «Қарабау құрамасы» жайдарман топтары өнер көрсетті. Сайыс сәлемдесу және сұрақ-жауап кезеңдерінен тұрды.
Әзілге толы тартысты сайысқа облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Аманғали Сүлейменұлы Нұрдәулетов, ардагер жайдарманшылар Әлібек Бүркіт, Ерлан Бердіғұлов, Сағынтаев Дәулет Сағынтаев, «Сөз бен саз» жобасының жүргізушісі Бердіхан Әлмен және Маңғыстау мақтанышы Бауыржан Ретбаев қазылық етті.
Қос кезеңнің қорытындысы бойынша «Татьяна» жайдарман тобы жеңімпаз атанып, ақшалай 100 мың теңгелік жүлде қорына ие болса, «Үздік ойыншы» «Не хабар» жайдарман тобының мүшесі Нұрғали Байдулла, «Үздік әзіл» Қарабау құрамасына, «Үздік массовка» Жоламан Нұрғисаға тиесілі болды. Сонымен қатар қатысушы топтар мен жүлдегерлерге кіші кубоктар мен дипломдар табысталды. Облыстық жайдарман сайыстары алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.
Үміт ЖӘЛЕКЕ