Кеше Ақтауда шағынаудан азаматтары коронавирус індетінен көз жұмғандарды еске алып, садақа өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Абат молда алдымен қайтыс болған адамдардың рухтарына құран бағыштады. Содан кейін Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов ресми сөз сөйлеп, қаладағы шағынауданның белсенді азаматтарын қала әкімі атынан Алғыс хатпен марапаттады.
Сонымен қатар ел ағалары Жомарт Айдарбек, Кенжеғали Суйеуов сөз алып, кешегі қиын сәтте қол ұшын созып, аурумен күресуде ерлік танытқан тұрғындарға алғыс айтты.
«Ауру жаз айына өршіді. Осы ретте жанашыр жігіттеріміз бір айлық демалыс уақытын баллон тасумен өткізді. Ортамызда жүрген осындай батыр жігіттерімізді әрдайым үлгі қылып, жас ұрпаққа насихаттауымыз керек», - дейді ұйымдастыру алқасының төрағасы, қоғам қайраткері Кенжеғали Суйеуов.
Кенжеш ӘНУАР