Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Олжа Агро» ЖШС нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында меморандумға қол қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz. Меморандумға өңір әкімдігі атынан Абзал Меңдібаев пен «Олжа Агро» ЖШС тарапынан компанияның бас директоры Айдарбек Ходжаназаров қол қойды.
«Олжа Агро» компаниясы Маңғыстау облысынан келген 100 отбасыны баспанамен қамтып, арнайы оқытып және ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамтуға дайын. Меморандумға сай ниет білдірген маңғыстаулық 100 отбасы Қостанай облысына көшіп баруға мүмкіндігі бар.
Бұдан басқа, «Олжа Агро» ЖШС Маңғыстау облысынан қоныс аударушыларға «1000 жанұя фермерлері» жобасы бойынша тауарлық несие қызметін ұсынады. Атап айтқанда, компания отбасына 100 сиырды тауарлық несие түрінде береді. Ал олар өз кезегінде жыл сайын туылған бұзаулардың жартысын «Олжа Агро» ЖШС-не беруі тиіс. Осылайша, жеті жыл ішінде қоныс аударушылар несиені төлей алады.
Айта кетсек, 2016-2021 жылдар аралығында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 366 маңғыстаулық тұрғын мемлекеттік қолдаудың арқасында ерікті түрде еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударды.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев облыс әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаевқа қоныс аударуға ниет білдірген отбасылардың тізімін жасақтау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.