Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев мәлім етті.
«Бүгінде экономиканың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру маңызды болып отыр. Инвестициялық жобаларды іске асыруда атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде, өңірге тартылған инвестиция көлемі 9%-ға артып, 352,2 млрд теңгені құрады. Биыл облыста 247,8 млрд теңгеге жуық қаржыға 21 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Осы арқылы біз 1 200-ден астам адамды жұмыспен қамтимыз», деді Абзал Меңдібаев.
Жоспарға алынған бұл жобалар түрлі саланы қамтиды. Олардың қатарында 7 жоба өңдеу өнеркәсібіне, 5 жоба туризм және басқа салалар бойынша болмақ. Өңір экономикасын әртараптандыру аясында – өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік және логистика, құрылыс салаларын дамыту басты мақсат. Осы ретте биыл өндіріс көлемі артып, нәтиже 118 млрд-қа жуық теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда осы саланың 5,5%-дан 8,2%-ға өскенін дәлелдейді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, өңірде инвестициялық жобалармен қатар жұмыспен қамту шаралары қолға алынған.
«Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны – 16,6 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Нәтижесінде өңірде жаңадан 200-ге жуық жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар осы жылы ауылшаруашылығы саласында жалпы 8,9 млрд теңге болатын 11 жобаны жүзеге асыру жоспарда тұр. Осы арқылы 200-ден астам жұмыс орнын құру мақсатқа алынған болатын. Бүгінде 4 жоба іске асырылып, тұрғындар үшін 126 жаңа жұмыс орны құрылды», деді ол.