Маңғыстауда жыл басынан бері карантин талаптарын бұзған азаматтарға 26 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.
«Облыстағы мониторинг топтарымен жыл басынан бері 2 998 рейд жүргізіліп, 16 405 нысан қамтылды. Рейд барысында 112 нысанда карантин талаптарын бұзған деректер анықталып, 112 әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы салынған айыппұл сомасы 25 888 375 теңге», деді Ғазиз Надуев.
Сонымен қатар, 7 қыркүйектегі қаулыға сәйкес жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесі бойынша бизнес объектілерінде емін-еркін жүрген «сары/қызыл» статусы бар тұрғындар анықталды. «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерде анықталған «қызыл» статусы бар 44 тұрғынға 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.
«2021 жылдың 23 мамырынан бастап барлығы «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерде анықталған «сары/қызыл» мәртебесі бар оқшаулануға жататын адамдардың саны 2 342, оның ішінде 1 723 қызыл мәртебесі бар, 619 сары мәртебесі бар. Қызыл мәртебелі 44 жеке тұлғаға барлығы 1 925 220 теңге айыппұл салынып, әкімшілік хаттама толтырылды», деді Ғ.Надуев.
Еске сала кетейік, коронавирус инфекциясы бойынша облыс аймағында COVID-19 оң нәтижесімен тіркелген тұрғындар саны өткен аптамен салыстырғанда 1,6 есе төмендеген. Дегенмен Маңғыстау облысы әлі де қызыл аймаққа кірген облыстар қатарында қалып отыр.