"Ecojer" қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау өңірлік экологиялық кеңесінің мүшелері Әділбек Қозыбақов және Бақытгүл Жақсылықова Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарын Каспий теңізі жағалауын тұрмыстық қатты қалдықтардан тазалап, шаһардағы тазалық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Экологтардың айтуынша, бұл акцияны 12 тамыз Каспий күніне орай ұйымдастырып отыр.
Эко-белсенді отбасы күнде таңертең 15 шағынаудан теңіз жағалауында серуендегенді ұнатады. Алайда жағажайдағы үйіліп жатқан күл-қоқысты көргенде көңіл-күйі түсіп кететінін айтады.
«Мен Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің эко-үйлестірушісі ретінде оқушылар арасында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі шараларды ұйымдастырып келемін. Алайда теңіз жағалауындағы қазіргі көрініске қарап, экологиялық түсіндіру жұмыстарын әлі де ауқымды, әр саланың өкілдерін тарта отырып жүргізу керектігін көріп отырмыз. Себебі жағадағы тазалық жұмыстары өткен жылдан бері көңіл көншітпейді. Мүмкін сонда ғана адамдар тереңірек ойланып, өздері демалып кеткен орындарын тазалап, түрлі қоқыстарды өздерімен бірге алып кетуді үйренер деген үміт басым", - дейді Бақытгүл Өмірханқызы.
Оның сөзін Әділбек Мустажебұлы да қолдайды. Ол "ауызша айтқан аздық етеді, ал тәртіпке бағынғысы келмейтіндерге тәртіп сақшылары заңнамаға сәйкес тиісті шараларды қолдану керек" деген пікірде.
«Менің білуімше мұндай заңсыз әрекеттерді полиция қызметкерлері күнделікті теңіз жағалауында кезекшілікте жүрген кезде анықтайды. Алайда көп жағдайда тәртіп сақшылары тек ескертумен шектеледі. Ал заңнамаға көз жүгіртетін болсақ, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505 бабына сәйкес айыппұл салу санкциясы да қарастырылған», - дейді ол.
Оның айтуынша, тазалық мәселесіне жауапсыздықпен қарайтындарды тәртіпке шақыру үшін учаскелік полицейлер мен табиғат қорғау полициясының қызметкерлерінің басын қосып Каспий теңізі жағалауында сенбілік жұмыстарын ұйымдастыру қажет.
"Бәлкім осыдан кейін тәртіп сақшылары қоршаған ортаны ластаушыларға ескертуден айыппұл салуға көшетін еді, осылайша жағалауда тәртіп те, тазалық та орнар еді", - дейді Әділбек Қозыбақов.