Ақтау әкімі Нұрдәулет Қилыбай Арыс қаласының құрметті азаматы атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Осыдан екі жыл бұрын Арыс қаласында алапат жарылыс болған кезде бүкіл ел болып көмек көрсеткен еді. Қаланың көркейіп, гүлденуіне маңғыстаулықтар да бір кісідей атсалысты. Арысты қалпына келтіру үшін өңірден құрылысшылар, кәсіпкерлер бар бір топ азамат аттанған болатын.
Маңғыстау облысына қираған 8 көшені жаңарту тапсырылған. Жүздеген үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Н.Қилыбай құрылыс жұмыстарының басында болып, жұмыстың жүйелі жүруіне атсалысты.
Арыс қалалық мәслихатының шешімімен Нұрдәулет Игілікұлы «Арыс қаласының құрметті азаматы» атанды. Төсбелгіні бүгін аймаққа арнайы келген Арыс қалалық әкімдігінің өкілдері табыстап, арыстықтардың аманатын жеткізді, делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.