Ақтауға Өзбекстан Республикасы үкімет басшысының кеңесшісі бастаған арнайы делегация келді. Өңір экономикасының дамуы мен халықтың әлеуметтік ахуалымен, сондай-ақ, облысымызда тұратын өзбек диаспорасы өкілдерінің өмірімен танысуды мақсат еткен ресми топ бұған дейін елордада және Атырауда болған.
Бүгін делегация мүшелері Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов, Өзбекстан Республикасы жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрінің бірінші орынбасары Эркин Мухитдинов, Өзбекстан Республикасы министрлер кабинетінің қызметкері Агзам Эралиев және Өзбекстан Республикасы жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі жанындағы агенттіктің өкілі Равшан Атабаев Ассамблея үйінде болып, өңірде тұратын ұлттардың мәдени орталықтарының қызметін баяндайтын көрмені аралап, өзбек диаспорасының өкілдерімен кездесті.
Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатса, Маңғыстауда 60-тай ұлт өкілдері тұрады. Ақтауда бүгінде 20 этно-мәдени бірлестіктер қызмет етіп, ұлттардың тілі мен өнерін, салт-дәстүрі мен жөн-жоралғыларын насихаттайды. Солардың қатарында, өзбек халқының «Пахтакор» этно-мәдени бірлестігі де бар. Өз жерінде жүрмесе де, өзбек ұлтының 3 мыңдай өкілі Ақтауда түрлі салаларда еңбек етіп, өңірдің дамуына өз үлестерін қосып жүргендігі қуантады, - дейді Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов.
Ресми делегация кездесу барысында биыл күзде Өзбекстан Президентінің сайлауы өтетінін мәлімдеді. Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі Мехриддин Хайриддинов сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілгенін айтты. Енді кез келген өзбек азаматы қай елде жүрсе де, өзінің конституциялық құқығын қолданып, дауыс беруге құқылы. Ақтау қаласында сайлау кезінде учаскелер ашылып, дауыс берушілерге жағдай жасалатын болады.