© Фото архивтен. Мирас қоғамдық кеңесінің отырысы барысында
«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа – лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының «Тарих пен мәдениетке бай аймақ» бағыты бойынша алты айда атқарған жұмыстарына тоқталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен тарихи-мәдени мұраны сақтау және өнерді дамыту бағыты бойынша екі конкурс өткізді. Атап айтқанда «Маңғыстау жұлдыздары» ХІІ облыстық өнер фестивалі мен Мұрат Өскінбайұлы атындағы халық аспаптарында орындаушылар ІІ халықаралық конкурсын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Аталған шаралар қараша-желтоқсан айлары аралығында ұйымдастырылады.
Сонымен қатар сәуір-маусым айларында облыстың қасиетті және көрікті жерлеріне өлкетану экспедицияларын жасау, қасиетті жерлерді абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Маңғыстау және Мұнайлы аудандарында орналасқан Бекбаулы-ата қорымы, Төлеген-әулие жерасты мешіті, Айрақты тауындағы жартастағы бейнелер, Теректі сай, Самал сайы, Шерқала тауы мен қалашығы, Бөрілген қорымы, Кәді, Қырықкез қорымы ескерткіштері, Қарақыз қорымы және Құдайберген күмбезтамы, Маңғыстау ауданы бойынша мемлекеттік қорғауда тұрған Бекі, Алма, Мырзайыр, Сонабай, Есалы қорымдарына, Ағашты сайы, Масат ата жерасты мешіті және қорымы, Тасбас-1 ғибадатханасы, Шолы қорымы, Маңғыстау ауданы аймағындағы Қаратөбе, Тасым қорымдары, Тобықты жеріндегі Бекет-ата жерасты мешіті Ешкіқырған, Еліқажы қорымындағы ескерткіштерге, Бүркіт-ата, Ырмақ қорымдары, Ұлы Кіндікті (Үлкенқұдық) діни-қабірлеу кешені, Шопан ата қорымы және жерасты мешіті, Қызылсу, Сенек, Қырғын қорымдары, Қошқар-ата, Есмамбет, Қалипан, Қалың-Арбат, Жылқыбай, Қатем (Хатам-ишан), Бегеш, Жолжан, Жамбауыл некропольдері, Темір күмбез тамы ескерткіштерінің техникалық жағдайлары тексерілді. Есепке алынған объектілердің инвентарлық нөмірлерін жаңғырту, құжаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында іссапарлар ұйымдастырылды. Іссапарлар қорытындысы бойынша 2 тарихи-мәдени мұра объектісі анықталды. Яғни, «Песчаный», «Қызылөзен» Маяктары бойынша материалдар жинақталып, фотофиксация жұмыстары жүргізілді.
Оған қоса Маңғыстау ауданы аумағындағы «Қарауылкүмбет» кесенесіне, Түпқараған ауданындағы «Шағын шіркеу», «Жоғарғы Маяк», «Төменгі Маяк» ескерткіштеріне реставрациялау бойынша жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеу үшін «Күмбез» мамандандырылған жобалау-жаңғырту фирмасы» ЖШС-мен келісімшарт жасақталды. Жобалау-сметалық құжаттары тамызда дайын болады.
«Көккүмбет» пен «Алтынәлі» ескеркіштеріне реставрациялық жұмыстарын жүргізу бойынша 2017 жылы жасалған жобалау-сметалық құжаттамасының Мәдениет және спорт министрлігінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 98 бұйрығымен бекітілген «Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарын жүргізу қағидалары мен шарттары», 2021 жылғы 4 ақпандағы № 28 бұйрығымен бекітілген «Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың орындалуын бағалау нормативтері» өзгеруіне сәйкес, Түпқараған ауданындағы «Шағын шіркеу» және Маңғыстау ауданы аумағындағы «Қарауылкүмбет» ескерткіштерімен ауыстыру жөнінде ғылыми – реставрациялау жұмыстары жүргізіледі», - дейді «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы баспасөз қызметі.
Ал «Бөрілген қорымы» тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу үшін 11,0 млн теңгеге келісімшарт жасақталды. Реставрациялық жұмыстарды «Мұрагер Маңғыстау» ЖШС 15 наурызда бастаған. Жоспарға сәйкес 1 тамыз күні аталған жұмыстар аяқталады.
«Қызылқала қалашығы» аумағында археологиялық жұмыстарына жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Нәтижесінде 31 мамыр күні «Rutrum» ЖШС-мен келісімшарт жасақталып, жұмыстар басталды. Жұмыстарды жүргізу уақыты шілде айына жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 2025 жылға дейін өңірде 2 музей, 3 кітапхана және 5 ауылдық клуб салу жоспарланған. Биыл Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округінен 200 орындық ауыл клубы мен кітапхананың құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. 1 шілдеде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Смайыловтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі штабы отырысында берген тапсырмасына сәйкес, республикалық Жол картасының 101,102 тармақтары бойынша Маңғыстау облысына 3 жаңа мәдениет объектісіне құрылыс және 10 объектіге жөндеу жұмыстарын жүргізу тапсырмасы берілді. Алдағы уақытта жоғарыда аталған тапсырманы орындау үшін жергілікті бюджеттен құрылысы аяқталмай тұрған Рахат ауылдық мәдениет үйінің жұмыстарына және жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінеді.