Маңғыстау облысында алдағы бес жылда 102 балабақша ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz. Бұл туралы облыс әкімі С. Трұмовтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары Г. Қалмұратованың баяндауынша, үш ауысымда оқытатын мектептердің үлесін азайту үшін биыл 3 мектеп құрылысы мен 3 мектепке қосымша құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
«Ақтау қаласының 34 шағынауданында 1 200 орындық мектеп және Шығыс-1 шағынауданында 300 орындық мектеп іске қосылғаннан кейін №28 және 29 мектептерде үш ауысым мәселесі шешіледі», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Облыста апатты мектептер жоқ. Қазіргі кезде мектептерде 12 451 орын тапшылығы бар, ал, 15 мектепте бастауыш сыныптардың 3 826 оқушысы үшінші ауысымда оқиды. Жол картасын іске асыру барысында 2025 жылға дейін 28 нысан іске қосылады.
Г. Қалмұратованың айтуынша, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үлесі 66%-ды құрайды. Қазіргі уақытта балабақшалар желісі жеке сектордың арқасында өсуде. 2021-2025 жылдар аралығында 102 балабақша ашу жоспарлануда, олардың барлығы жекеменшік. Биыл 1 490 орындық 19 жекеменшік балабақша ашылуы тиіс. Бүгінгі таңда 800 орындық 13 балабақша пайдалануға берілді. Қалған алтауы жыл соңына дейін ашылады.
Аймақ басшысының орынбасары Г. Қалмұратованың айтуынша, өңірдегі барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 125,6 млн.теңге бөлінді. 94 мектептегі бейнебақылау жүйесі қолданыстағы нормаларға сәйкес келтірілген. Бүгінгі күні 45 мектепте дабыл түймелері орнатылды. Облыстағы 51 балабақша, 43 мектеп және 9 колледжде мамандандырылған күзет бар, 98 мектепте штаттық кестеге сәйкес вахтер және күзетші жұмыс істейді.
Облыс әкімі С.Трұмов орынбасары Г. Қалмұратоваға, полиция Департаменті мен білім басқармасының басшыларына жаңа оқу жылына дейін балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған барлық жұмыстарды аяқтауды тапсырды.
"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша 2021 жылға арналған жергілікті қамту жоспарының орындалу барысы туралы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ш.Тәжіғараев баяндады.
Оның айтуынша, Маңғыстау облысында 2021 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша бюджет қаражаты есебінен құрылыс-монтаждау жұмыстарын қарастыратын 65 жоба жүзеге асырылуда.
Өңір басшысы қала, аудан әкімдеріне және басқарма басшыларына мемлекеттік сатып алу кезінде өнімнің жергілікті қамту үлесіне басымдық беруді тапсырды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ш. Дүйсеновтың айтуынша, министрлікпен "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс орындарын құру туралы биыл 32 715 жұмыс орнын құру жоспары бекітілді. Бүгінгі таңда 20 мың жұмыс орны ашылды. Оның 15 мыңға жуығы тұрақты.