© Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Еліміздің өзге өңірлерінен Маңғыстау облысының орталығына келіп, демалатындардың саны күннен-күнге артып келеді. Былтыр өңірге 160 мыңнан астам турист келген. Ал биыл Маңғыстауға 200 мыңға жуық адам демалуға келеді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр теңіз жағалауында «Rixos Water World Aktau» туристік кешені іске қосылған. Күні бүгінге дейін бұл қонақ үйге 124 мыңнан астам адам демалуға келген. Ал биыл жыл басынан бері осы туристік кешен 46 мыңға жуық адамды қабылдады.
Маңғыстауда ішкі туризмді өсіріп, өркендету үшін біршама жұмыс атқарылды. Ақтау қаласының іргесіндегі жылы жағажайға баратын жол салынды, тоқ, су мен газ тартылды. Қазір инфрақұрылыммен қамту жобаларын іске асырудың екінші кезеңі жалғасуда. Курорттық аймақты дамытудың 2-кезеңі аясында «Tethys International Touristic Hub Ltd», «BI-Group» және «BAZIS-A» сынды ірі компаниялар жаңа қонақ үйлер, гольф-клуб, отбасылық ойын-сауық саябағының құрылысын жүргізуде.
Бүгінде ішкі туризмге елдің қызығушылығын және мемлекеттің қолдауын сезінген жергілікті кәсіпкерлер де «Жылы жағажай» аумағында инвестициялық жобаларын іске асыруда. Бұның барлығы ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып келеді. 2018 жылы Ақтауда өткен Самитте Елбасы: «Ақтау – теңіз курортына айналуы тиіс», - деп курортты аймақты дамытуды тапсырған болатын.