Маңғыстауда ауыз су қажеттілігін жою мақсатында алдағы уақытта 3 ірі жоба жүзеге асырылады. Соның бірі – «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің аумағында қуаты 24 мың текше метр су тұщыту қондырғысын салу. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің аумағында қондырғыны салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға жергілікті бюджеттен 10 млн. теңге бөлінді. Жұмыс кестесіне сәйкес, жобалық-сметалық құжаттама 2021 жылдың қазан айында жасақталып бітеді.
«Екінші жоба – «Кендірлі» курорттық аймағында қуаты тәулігіне 50 мың текше метрлік су тұщыту зауытын салу. Бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Құны 87,8 млрд. теңге. Қазір инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Инвестор белгілі болғанда құрылыс жұмыстары басталады. Ақтау қаласы және оған іргелес жатқан елді-мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету масатында тағы бір жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. «Каспий» су тұщыту зауытының қуаттылығын 20 мыңнан 40 мың текше метрге ұлғайту жоспарлануда. Жобаның қаражат мәселесі шешілген. Қазір құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылдың жаз мезгілінде зауытты іске қосатын боламыз», - деді Бердібек Қартбаев.