Түркия, Өзбекстан және Беларусьпен арадағы халықаралық рейстер саны артады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
7 маусымнан бастап Түркияға рейстер саны көбейеді. Қазақстандықтар енді Анталияға аптасына 8 рет ұша алады.
Сондай-ақ, Өзбекстанмен арада «Алматы – Наманган», «Ақтау – Нүкіс», «Ақтөбе – Нүкіс», «Ақтөбе - Самарқан» бағыттарында аптасына 2 тұрақты рейстен ашылады.
Бұдан басқа, «Алматы – Минск» бағыты бойынша Беларусьпен тұрақты рейстер саны ұлғайып, әр тараптан аптасына 2 рейстен орындалады.
Бұл шешімді Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдады.
Аталған бағыттарға «Эйр Астана», «SCAT», «Turkish Airlines», «Узбекские авиалинии» және «Белавиа» әуе компаниялары ұшады деп жоспарланып отыр.
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және шет мемлекеттің тиісті билік орындарымен келісім бойынша жасалады.