Республикалық «Парасат жолы» жобасының жетекшісі, қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева жұмыс сапары барысында Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барды. Онда жұмыс тобы мұражайдың жұмысымен танысып, зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне сілтеме жасап.
Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының тарихы 1975 жылдан басталады. Қазіргі кезде мұражайда Ә.Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме-залы бар. Бұдан бөлек, "Қазіргі Қазақстан", "Ақтау қаласының тарихы", "Маңғыстау археологиясы" залдары жұмыс істейді.
Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова мен «Маңғыстау-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Д.Үсіпбаев облыстағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды атап өтіп, оның маңыздылығы мен нәтижелеріне тоқталды.
Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері, дін және мәдениет саласының мамандары парасаттылық идеологиясын насихаттау мен ілгерілетудің маңызы жоғары екенін айтып, атқарылған жұмыстардың нәтижесі зор екенін атап өтті.
Шара барысында Ж.Жылқышиева Сыбайлас жемқорлықпен күрес заңнамаларына енгізілген өзгерістер мен Адалдық алаңы жобасы туралы айтты.
Кездесу барысында облыстық "Парасат жолы" жобасының жетекшісі Ғ.Әріп өз сөзінде адалдық құндылықтарын айта келе, "Егер билік заңға үстемдік құрса, ол ел - Құдай ұрған ел, ал заң билікке үстемдік құрса, ол ел - Құдайдың көзі түскен ел" деп жиынға қатысушыларды адал, әділ, парасатты болуға шақырды.