Біз неғұрлым мейірімді болсақ, оның мейірімділігіне ие болу мүмкіндігіміз соғұрлым көп болады. Неғұрлым махаббатымыз бір дүниеге берілсе, сонша уайымдап, ол үшін қам жейміз. Сол секілді құранға деген махаббатымызда биік, бәрінен де мәртебелі болу керек. Себебі, Құран - бұл адам өмірінің толық жүйесін білдіретін ерекше әрі қайталанбас Алланың жазбасы. Онда діннен бастап адамның құқығы, тарихи деректер, ғылыми құбылыстар, үй, қоғамдық және тіпті жұмыс істерінің ережелері туралы ақпарат бар. Бұл мұсылманға өз өмірін Алла тағаланың заңдарына сәйкес қалай өмір сүруге болатындығы туралы қысқа айтқанда екі дүниенің де практикалық нұсқаулық баяндалған. Құран - оқыған адамның ішкі дүниесінің тереңдігіне, ақыл-ой мен жүрегіне әсер ететін ұлылықпен тоқылған сөз.
Құранды оқу кезінде - "Алланың Қасиетті сөзін оқып отырмын" - деген сезім болу керек. Ол үшін бізге Құранға деген шынайы махаббат қажет. Алдымен махаббат термині атап айтқанда, бұл: Адамның еркіне кейде бағына бермейтін күшті жүрек сезімі. Сүйіспеншілік, мейірімділік, жанашырлық, қамқорлық, құрмет, жанқиярлық, кішіпейілділік - бұл нағыз махаббат терминінің керемет көрінісі. Құранда Алланың бізге деген сүйіспеншілігі және біздің Аллаға деген сүйіспеншілігіміздің қандай күйде болу керектігі туралы көрінісі бар көптеген сүрелер бар.
Ең әдемі сүрелердің бірі - Алла өз елшілері арқылы ескерткендей былай дейді: «Әй, өздеріне зиян жасаған құлдарым! Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер! Расында Алла барлық күнәларды кешіреді. Расында, Ол - Кешіруші, Мейірімді! Өздеріңе апат келуден бұрын Раббыларыңа қайтыңдар, Оған бойұсыныңдар". «Зумар» сүресі, 53-54-аяттар.
Қанша күнә жаса өкініп, шынайы жолға оралса, оларға кешірім мен шексіз мейірімділік уәде етелгендігін көруге болады. Бұл Алланың бізге деген махаббаты. Ендеше, Құранға махаббат қойып, жақсы жағынан өзгеріп, әуелгі Алла және адамдардың разылығы мен сүйіспеншілігіне қол жеткізбеске? Жаратушымен қарым-қатынас барлық негіздің бастамасы болып табылмай ма? Ендеше Құранға деген махаббат қандай болу керек?
Құранға деген махаббат оны оқуға байланысты. Бұл қасиетті кітапты оқу − ең ұлы ғибадаттардың бірі әрі Аллаға жақындататын бірден – бір төте жол болып табылады. Алла Тағала бізге қасиетті Құранды оқуды әмір еткен. Құранда: «Құраннан оқи алатындарыңды оқыңдар»(Мүзәммил 20) деп айтылса, Әбу Умәмә риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді»(Муслим) – деген.
Құран оқыған адамның бүкіл болмысымен өзгергенін байқайсың. Ішкі дүниесіне үңіліп қарасаң оның рухани тазарғанын, жүріс-тұрысының өзгергенін көресің. Ол жақсылыққа бастаушы төте жол..Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының бірі Узайр бин Ғусайд Құранды ұнамды, жақсы бір мақаммен оқитын еді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) ол кісіні: «Мына Ғусайд Құранды қандай жақсы оқиды», - деп мақтады. Ғусайд өзінің естелігінде: «Бір күні түнде «Бақара» сүресін оқып отырғанымда, атым жанымда байлаулы тұрған еді. Құранның даусын естіп атым оқырынып жер тарпи бастады. Оқығанынымды тоқтата қойдым. Атым да тынышталды. Қайта оқи бастап едім, атым орнынан тарпи бастады. Үшінші мәрте оқи бастағанымда, атым тағы да мазасыздана бастады. Ұлым Яхия аттың жанында ұйықтап жатқан, басып кетпесін деп баламды алып кейін жатқызып қойдым. Басымды көтеріп аспанға қарағанымда ақ бұлттың көлеңкесіне ұқсайтын бір тұманның ішінде шырақ сияқты көптеген нәрселердің жарқырап тұрғанын көрдім. Ақ бұлт жарқыраған күйінде көкке көтеріліп көрінбей кетті. Таңертең Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтқанымда: «Ей, Ғұсайд, оқы. Ей, Ғұсайд, оқы», - деген сөзінен Құранды оқу керек екенін білдім. «Иә, Расулалла! Яхия ұлым аттың аяғының астына жақын жатқандықтан басып кетеме деп қорқып Құран оқығанымды тоқтатып едім», - дегенімде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, Ғұсайд! Сенің көргенің періштелер болатын. Оқыған Құраныңды естіп келді. Сол қалпы оқи бергеніңде, таңға дейін тыңдайтын еді. Көпшілік көзінен жасырынбайтын еді», - деді.
Қасиетті кітапты оқу - ең ұлы ғибадаттардың бірі.
Сондықтан біз Құранға деген махаббаты реттесек екі дүниеде де өзімізде, өмірімізде бақытқа айналары сөзсіз.
Іздібай Қобланов,
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі