Құрметті маңғыстаулықтар!
Жер-дүниені нұрлы шуағына бөлеп, шапағын шашқан Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызбен еліміз тағы қауышты. Бағзыдан жол тартқан атабаба дәстүрінің үзігіндей, сарқылмас қайнарындай Ұлы мейрамымыз баршамызға құтты болсын!
Қалың қардың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітетін, табиғат-анамыз бусанып, түрленетін осынау сәулелі де сұлу мезгіл – ару көктеммен келген Наурыз мейрамы – еліміздегі ырыс пен ынтымақтың бастауы, татулық пен бірліктің берік босағасы! Өсу мен өркендеудің жанды өзегі!
Көне шығыс күнтізбесі бойынша Наурыз жыл басы болып саналады. Ал жаңа жылмен бірге әрбір адам жаңа жоспарлар құрады, алдағы күндерден үміт күтеді.
Биыл өңір тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін бір қатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жақында республикалық маңыздағы 64 шақырымды құрайтын «Құрық – Жетібай» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жоба бойынша тозығы жеткен жолды жаңарту жұмыстары 2022 жылы аяқталады.
Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Қарақия ауданының Жетібай ауылында 4 жоба мен Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында 10 жоба жүзеге асады, яғни 53,6 шақырым жол құрылысы мен орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы саласы бойынша осы жылы 8 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде қуаттылығы жылына 5 мың тонна тауық етін өндіру құс фабрикасы мен 15 мың тонна құрама жем өндіретін зауыт маңызды болып табылады. Біз жылыжай шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Жыл сайын жылыжай 7 гектарға ұлғайып келеді. Ақтау қаласының жылы жағажайында жалпы ауданы 60 га ірі жылыжайлар кешенін құрылысын салу жоспарланып отыр.
Өңірдегі су тапшылығын шешу мақсатында ірі жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда «Каспий» су тұшыту зауыты қуаттылығын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-кезең жұмыстары басталды. «ҚазМұнайГаз» АҚ Қаражанбас кен орнында қуаты тәулігіне 17 мың текше метр су тұшыту зауытының құрылысын салу жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласын толықтай сумен қамтамасыз ету үшін «ҚазМұнайГаз» компаниясының Кендірлі курорттық аймағында қуаты тәулігіне 50 мың текше метр су тұшыту зауытын салуды жеделдетуі біз үшін маңызды.
Өздеріңізге белгілі, Маңғыстау облысы Қазақстанның туризмді дамытуға қолайлы үздік 10 аймағына кіреді. Қазір курорттық аймақты дамытудың 2-кезеңі басталды. Алдағы жазда Ақтаудың іргесіндегі жағажай аумағында тағы бірнеше жоба іске асады. Жалпы 2021 жылы инвестиция көлемін арттыру мақсатында жалпы құны 300 млрд. астам теңгеге 20 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұл 2 500-ден аса адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй құрылысы биыл да қарқынды жүріп жатыр. Былтырғы көрсеткіштен (2020 жылы 1 млн. 200 мың шаршы метр тұрғын үй салынды) 2021 жылы да төмен түспейміз деген жоспарымыз бар.
Алдағы жаңа оқу жылына Ақтау қаласынан 1 200 орындық 2 мектеп пайдалануға беріледі. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Ақтау мен Мұнайлы ауданында 5 800 орындық 6 мектептің құрылысы басталады.
Наурыз – жаңғыру мен жаңарудың, еңсесі биік елдіктің, ырыс пен молшылықтың белгісі. Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылған Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын әзірлеу және көктем мерекесінің мазмұнын байыту туралы тапсырмасына сәйкес биылғы жылы Маңғыстау облысында Наурыз мерекесін атап өтудің бір айлық жоспары жасалып, тұжырымдамасы бекітілді. Мемлекет басшысының Наурыз мерекесін елімізді көркейтуге, тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мейрам ретінде тойлап, насихаттау идеясын қолдадық.
Облыстық тұжырымдамаға сәйкес наурыз айының әр күніне атау қойылып, тақырыпқа сай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Біздің ғасырдан-ғасырға өтіп, бүгінге жеткен ұлағаты мол ұлттық құндылықтарымыз, рухани мұраларымыз осы әз-Наурызбен біте-қайнасқан. Кең пейілді қонақжай халқымыз өзінің ниетіндей ақ дастархан жайып, елдің тыныштығы мен берекесін, халықтың келісімі мен ауызбіршілігін, ұрпақтың кемел келешегін тілеген. Алыс кеткен ағайын Наурызда жүздесіп, төс қағысып қауышып, араз жандар татуласып, өкпе-ренішті ұмытқан.
Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде.
Қадірлі жерлестер!
Халқымыздың мeрeйін өcіріп, терең тамырлы бірегей бoлмыcымызды aйшықтaйтын қacиeтті Нaурыз мeрeкecі eлімізгe, әрбір oтбacынa шат-шадыман қуaныш, ырыс пен құт-бeрeкe, баянды бaқыт пeн мoлшылық әкeлcін!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Наурыз құтты болсын, ағайын!
Ізгі тілекпен, Маңғыстау облысының әкімі
С.ТРҰМОВ